Бүгінде Түлкібас ауданында жеке кәсіпкерлікті дамытуға қызығушылық танытқандардың қатары артып келеді. Мәселен, жыл басынан бері кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының Түлкібас аудандық бөлімшесі арқылы өз жеке кәсібін ашуға және ұлғайтуға ниет білдірген 500-ден астам азаматқа кеңестер беріліп, нәтижесіне 42 үміткерге бизнес жоспар түзуге қолдау көрсетілді. Жалпы сомасы 187 млн 600 мың теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асты.
Осындай қолдаудың жемісін көріп, кәсібінің көкжиегін кеңейтіп отырған кәсіпкерлердің бірі Ақбиік ауылдық округінің тұрғыны Ораз Рысқұлбеков. Өткен жылы «Игілік» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіне 6 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 90 бас қазақы және еділбай қойларын алған. Бүгінгі таңда қой басын екі еселеп, 180 басқа жеткізіп отыр. Алдағы уақытта шаруа ет бағытындағы уақ мал басын көбейтіп, ет күйінде сауда қатарларына өткізуді жоспарлап отыр.
Бүгінде ауданда аудан әкімі Нұрлан Байғұттың тапсырмасымен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Жобалық кеңсе» жұмыс істеуде. Карантиннен зардап шеккен аудан экономикасын қалыпты жағдайға келтірудің бірден-бір тетігі кәсіпкерлік саласын дамыту болса, жобалық кеңсенің негізгі жұмыс бағыты - кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер арқылы қолдауды күшейту, бағыт-бағдар беру.