Алматыда Түркітілдес мемлекеттердің ИКТ министрлері кездесуде

Қысқаша

Алматы қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтамақтастық кеңесінің инфокоммуникациялық технологиялар (ИКТ) министрлерінің үшінші отырысы өтіп жатыр.

a58851d977de06c39d990aa81920eea7.jpg

Кездесуді Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастырған. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Түркітілдес мемлекеттердің ынтамақтастық кеңесінің бас хатшысы Багдад Амреев,  Түркияның Қатынас және инфрақұрылым министрі Мехмет Турхан, Қырғызстан Республикасы Ақпараттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Бақыт Шаршембиев, Әзірбайжан Республикасының Көлік, байланыс пен жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизаде, сонымен қатар Венгрияның Инфокоммуникация, инновация мен  технологиялар министрлігінің мемлекеттік хатшысының орынбасары Кароли Солимар қатысты.

Дәурен Абаевтың айтуынша, Түркі әлемінің интеграциясы, біздің елдер арасындағы өзара әріптестіктің нығаюуы – Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі. 

Сондықтан да қазіргі таңда біз заман талабынан қалыс қалмай, ақпараттық-коммуникациялық технология бағытындағы әріптестікті күшейтуге баса назар аударғанымыз жөн. Өйткені бұл саладағы мүмкіндіктерімізді тиісті деңгейде пайдаланып отырған жоқпыз. 

Сондай-ақ, отырыс барысында министр Әзірбайжан мемлекетінің  «Трансеуразиялық суперақпараттық магистраль» құру жөніндегі бастамасына ерекше тоқталды.

«Оның мақсаты – Франкфурт пен Гонкогтың арасындағы  еуразиялық елдердің аумағын қамтитын талшықты-оптикалық трансұлттық желі орнату. Транзиттік желі 6 мемлекеттің аумағымен өтеді деген жоспар бар. Бұл – болашағы зор жоба» - деді ол.

Оған қоса Дәурен Абаев өз сөзінде өткен жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына шолу жасады. Бағдарлама жоғары технологияларды енгізе отырып, әлеуметтік-экономикалық салаларды жан-жақты қолдауға, дамытуға бағытталған.