Мемлекеттік қызметшілерге алғыс айтудың заңды жолдары қандай

Қысқаша

«Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері жасап шығарды.

5c35c034c45b3.jpg

Қостанай облысының мемлекеттік органдарында қызметкерлерге сыйлықтарды қабылдауға тыйым салу туралы арнайы жадынамалар пайда болды.

Аталған жадынаманы «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері жасап шығарды. «Желтоқсан-наурыз айлары түрлі мерекелерге толы. Сол себепті тұрғындар қызмет көрсеткен мекеме қызметкерлеріне сыйлық жасағысы келуі мүмкін. Дегенмен, мемлекеттік қызметкерлерге жеке және заңды тұлғалардан сыйлық алуға, емдік-сауықтыру және демалыс жолдамаларын қабылдауға қатаң тыйым салынғанын тағы бір еске саламын. Ал, заңсыз алынған сыйақылар мемлекеттік бюджетке тапсырылады. Сондықтан, біз ұсынған жадынамада сыйлықтарға тыйым салу туралы тікелей ескертуден бөлек, көрсетілген қызмет үшін мекеме мамандарына ризашылық білдірудің тәсілдері жазылған», - дейді «Қостанай - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Евгений Бедыч. Сонымен, мемлекеттік қызметшілерге қалай алғыс білдіруге болады? Жадынаманың ережесіне сай, мемлекеттік қызметшілерге арнайы терминалда және шағымдар мен өтініштер кітабында оң пікір жазу ұсынылады. Бұған қоса, әлеуметтік желілерді пайдаланып, қызметшілердің жұмысын бағалауға рұқсат етіледі. Еске салайық, «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі былтыр желтоқсан айында ашылған. Басты мақсат – тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, оның деңгейін төмендету және азаматтарға қолайлы жағдай жасау. Бұл тұрғындарға қажетті қызмет түрін кедергісіз алуға жол ашады. Азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректерді осы жерге хабарлауға болады.