Қабылданған келісім босқындарды қабылдаған елдерге түскен салмақты өзге елдермен бөлісуге мүмкіндік жасауы тиіс. БҰҰ дерегінше, әлемде 68,5 миллионнан астам босқын бар. Босқындардың 90 пайызы экономикалық және әлеуметтік проблемалары шешілмеген дамушы елдерге барады.“Оларға көмек керек және келісім оларға мемлекет тарапынан да, жеке сектордан да қаржы бөліп, [босқындарды қабылдаған елде] инфрақұрылымды, денсаулық сақтау мен білім саласын дамыту мәселесін қарастырады. Бұл босқындар үшін де, жергілікті халық үшін де пайдалы” делінген БҰҰ мәлімдемесінде.Келісім авторлары босқын қабылдаған елдерге қатты салмақ түспес үшін оларды өзге елдерге көшіруді де қарастырған. "Мұның бірнеше жолы бар: отбасылардың қайта қосылуына көмектесу, студенттік немесе гуманитарлық виза беру" делінген БҰҰ мәлімдемесінде. Келісімде сонымен бірге қауіпсіз болған жағдайда босқындарға өз еліне қайтуына көмектесу жағы да қарастырылған.Келісімнің орындалуын қадағалау үшін қол қойған тараптар төрт жылда бір рет ғаламдық форумға жиналып, босқындарды қорғау бойынша қабылдаған шаралар жайлы есеп беруге уағдаласты.10 желтоқсанда Мороккодағы Мараккеш қаласында 164 ел өкілдері қауіпсіз, реттелген және заңды көші қон туралы Ғаламдық келісімге қол қойған. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш оны тарихи құжат деп атап, "бұл әлемдік көші-қондағы ретсіздіктерге нүкте қоюды" деп айтқан