Аltaynews.kz сайтының мәліметінше, әуежайдың қайта жаңалау жұмысына республикалық және облыстық қазынадан 10 миллиард 197 миллион теңге бөлінген.
«Ұшу-қону жолағына жарық-дыбыстық құрылғы орнатылды, бұл әуе кемелерін кез келген ауа райында қабылдауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, әуежай ғимараты күрделі жөнделіп, аумағы толық қоршалды», - дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Биылғы қазанда әуежай халықаралық стандарттарға сай деген сертификат алды. Қазіргі кезде ұшу-қону жолағы Өскемен – Семей – Үржар, Семей – Алматы, Семей – Астана бағытындағы «АН-24» типті ұшақтарды қабылдайды.
Келешекте әуежай 300-ге жуық жолаушы таситын Boeing, Airbus, «ИЛ-76» әуе кемелерін қондыра алатын болады. Сонымен қатар тәулігіне 25-30 ұшақ қабылдап, сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсетпек.
Отандық SCAT, Qazaq Air, Bek Air, Air Astana компанияларынан бөлек Ресей, Түркия, Египет, Араб Әмірліктерінің компанияларын тартуға мүмкіндік туады. Әуежайды алдағы желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр.