Қала күнінде «Көне Тараз» стелласы ашылды

Қысқаша

Тараз қаласы күні мерекесіне орай «Теміржол вокзалы аллеясы» салтанатты түрде ашылды.

21.jpg

Тараз шаһары тарихи оқиғаларға бай. Алғашында Талас, Тараз деп аталған бұл шаһар 1856 жылы Әулиеата болып өзгертілген. 1938 жылы қалаға қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. 1997 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қалаға өзінің тарихи атауы «Тараз» қайтарылды.

Қалаға кіретін бас қақпаның бірі – теміржол вокзалының аумағын ретке келтіру мақсатында, алдындағы скверді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін бұл аумақта қалаға келген қонақтарға ежелгі Тараз өңірінен сыр шертетін көрініс болмаған.

Осыған байланысты, скверде «Көне Тараз» стелласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Стеллаға Тараз қаласының бұрынғы төрт атауы (Тараз, Әулие-Ата, Жамбыл, Талас), тарихи кезеңдерді бейнелейтін (қобыз, домбыра, дәуіт, балбал тас) ұлттық құндылықтар орнатылды.

Скверде 940 ш.м. жолаяқ төсеніші жасалып, 4 000 ш.м. жерге асфальт төсеніші салынды. 20 дана жарық шамдары, 8 дана орындық, 8 қоқыс жәшігі қойылып, 2 700 ш.м. алаңға суару жүйесі орнатылды.

Эскиздік жобасы биыл жаңадан құрылған «Сәулеттік бюро» мекемесінің жас архитекторлары тарапынан әзірленді. Жоба бойынша, Сквердің абаттандырылған аумағы – 1 га. Аталған жоба «Айя сервис» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен (30,0 млн. теңге) Тараз қаласы тұрғындарына «Туған жерге тағзым» жобасы аясында тарту етілді.

Стелланы ашып, лентасын қию құрметі Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдазимов және теміржол саласының ардагері Сағымбек Ақшаловқа бұйырды.