Екі басқармаға басшы табылды

Қысқаша

​Облыстың құрылыс басқармасының басшысы ауысты. Аталған мекемеге бұған дейін жетекшілік еткен тәжірибелі маман Құттыбек Жамашев облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметінен босатылды.

1422726179_muzhskoj-portfel.jpgЖамашевтің орнынан неге босатылғаны, енді қандай қызметтің құлағын ұстағаны белгісіз. Рас болса,  денсаулығына байланысты өз еркімен кеткен көрінеді. Жаңа орталық-Түркістанда мега-құрылыс жобалары жоспарланып жатқан кезде облыстың бас құрылысшысының тізгіні кімге бұйырар екен деп едік. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев  бұл жолы ставканы тағы да жергілікті мамандарға жасады. Таңдау жұрт қарым-қабілетін жақсы бағалайтын  Тоқтар Үсіпәлиевке түсті.

Тоқтар Үсіпәлиев жергілікті жерде туып-өскен. Еңбек жолын да осы жерде бастаған. 2000-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Құрылыс істері комитетінің экономикалық талдау және жоспарлау басқармасының жетекші маманы, бас маманы, одан кейін осы комитеттің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау басқармасының бөлім басшысы, 2003-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік  сәулет-құрылыс инспекциясы сәулет-құрылыс бақылауы басқармасында инспектор, бастықтың орынбасары, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары болған. Бұдан кейінгі жылдары Астанада министрліктер мен ұлттық компанияларда жұмыс істеген. 2016-2018 жылдары  Түркістан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған. 

Кеше кешкісін  ауыл шаруашылығы басқармасына жаңа басшының тағайындалғаны туралы ақпарат таратылды. Біраз уақыттан бері басшының міндетін атқарушы болып жүрген Нұрбек Бадырақов бұл орынға ресми түрде бекітілді. Н.Бадырақов уақтысында осы басқармада басшының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстағы аумақтық басқармасының басшысы, Шымкент қаласы әкімі аппаратының жетекшісі лауазымдарын атқарған. Басқармаға орынбасар болып ол биыл қайта оралды. Бұрынғы басшы Серік Тұрбеков жуырда облыстық жер қатынастары басқармасының басшылығына тағайындалғаны белгілі. Яғни тағайындалған екі басқарма басшысы да осы саланың «ыстығына күйіп, суығына тоңып» шыңдалған кадрлер  десек қателеспейміз. 

Облыста басшысыз тұрған басқармалар әлі де бар. Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысыз тұрғанына жылдан асты. Кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы басшысының креслосы да бірнеше айдан бері иесін күтіп тұр.   Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына да әлі оңтайлы кадр табылмай жатқан сияқты. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Дін істері басқармасы да басшысыз тірлік кешіп келеді. Басшы жоқ жерде тірлік көші қалай жылжитыны айтпаса да түсінікті. 

 Қысқасы, әлі бес басқармаға басшы керек.