Еңбектің наны тәтті

Қысқаша

Басшы ел ішінде жүрсе, көптеген мәселені өз көзімен көріп, оны шешу жолдарын қарастырады.

150.jpgБасшы ел ішінде жүрсе, көптеген мәселені өз көзімен көріп, оны шешу жолдарын қарастырады. Әдетте мұндай мәселелер тез шешімін табады. Өйткені, әкім онымен бетпе-бет кездескен соң, оны жан-жақты қарап, бүкіл ньюанстарын ой елегінен өткізіп, мәселені шешуде ұтымды идея табады. Мінекей, осы мақсатта Түркістан облысының әкімі аудандарды аралап, аймақтарда ашылып һәм жұмыс істеп жатқан түрлі нысандардың әлеуетін бағамдап, халықтың жай-күйімен танысуда. 

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына барды. Мұнда өңір басшысы Қапланбек ауылдық округінде орналасқан «Жабай ата» шаруа қожалығының жылыжай кешеніне барды. Жылыжайда көкөніс өсіруде озық технологиялар қолданылып жатыр екен. Құны 1,8 млрд. теңге болатын жоба бойынша 15 гектар жерге қызанақ пен қияр егілген. Шаруа қожалығында 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылармен тілдескен Ж.Түймебаев:  

– Бұрын жоғары технологиялар қолданылған жылыжайлар шетелде ғана болушы еді, қазір Сарыағашта да бар. Облыстағы жылыжайлардың 50 пайызға жуығы осы ауданда шоғырланған. Бұл жөнінен Сарыағаш өзгелерге үлгі бола алады. Елбасымыз Түркістан облысының диқандарына бүкіл Қазақстанды жеміс-жидек пен көкөніспен толық қамту жөнінде тапсырма берді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаруаларға түрлі жеңілдіктер жасалып жатыр. Нәтижесінде бұрын шетелден тасымалданатын жемістер мен көкөністер өзімізде шығарылуда. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейте береміз. Мемлекет тарапынан қолдау болады, - деді.

Өңір басшысы өз істерін дөңгелетіп, тек өздерін емес, бүкіл өңірді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған еңбекқор сарыағаштықтарға ризашылығын білдірді.