Бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысындағы Жетісай және Мақтаарал аудандарына жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қыметі хабарлайды.
Ол алдымен Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол» шаруа қожалығында болып, мақта теру жұмыстарымен танысты. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев министрге өңірдегі ауыл шаруашылы саласындағы жетістіктер мен атқарылған жұмыстарды айтып өтті.
«Нұралы жол» шаруа қожалығы бүгінде 497 гектар жерге мақта, бақша дақылдары, жүгері және жоңышқа еккен. Алпысқа жуық адам жұмыс істейтін шаруа қожалығының 47 техникасы бар. Жұмысшылардың айлық жалақысы — 55 мың теңге. Шаруа қожалығының төрағасы Е.Ералиевтің айтуынша, мақта терім науқаны ойдағыдай өтіп жатыр. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының арқасында биыл мұнда су тапшылығы байқалмаған. Осыған орай, жетісайлық диқандар су мәселесін шешіп берген Елбасыға риза екендерін жеткізді.
Өмірзақ Шөкеев ең басты мәселе жерді тиімді пайдалану екенін айтты.
- Биыл осы аймақтың диқандарынан су тапшылығы байқалып жатыр деген шағым түскен соң Елбасы Тәжікстан Президентімен сөйлесіп, қосымша су жіберілген болатын. Енді біз жерді неғұрлым тиімді пайдалануға көңіл бөлгеніміз жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 5 жылда 2,5 есеге көбейту қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығында жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, жұмысты күшейту керек. Өсімдіктерді химиялық емес, биологиялық жолмен қорғауды қолға алған абзал, - деді.
Осы іссапарда министр мен облыс әкімі диқандармен бірге мақта теріп, Түркістанның ақ алтынының сапасына жоғары бағаларын берді.