Түркістан облысы мен Индонезия мемлекеті туризм және сауда-саттық салалары бойынша тығыз байланыс орнатады. Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рахмат Промономен жүздескен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осындай уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
— Индонезия туризм саласында табысқа жетіп жүрген мемлекет. Біздің өңір үшін осы елдің туризмді дамыту бағытындағы тәжірибелерін меңгеру маңызды. Себебі, Индонезияда Қазақстанды, оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көргісі келетін саяхатшылар көп. Оларды облысымызға шақыруға мүмкіндік мол. Өйткені, Түркістан облысында тау да, өзен де, көл де, құм да, курортты аймақтар да, тарихи-мәдени ескерткіштер де көп.
Өңіріміз Индонезияға бақша өнімдерін, ет пен көкөніс экспорттауға қабілетті. Ол елден де бізге тиімді жобалар ұсынылатынына сенімдімін. Еліміз үшін қастерлі қала деп әспеттелетін Түркістанды дамытуға үлес қосамыз, инвестиция салып, бірге жұмыс атқарамыз десеңіздер әріптестікті тереңдетуге әзірміз, — деген өңір басшысы әріптестік пен достық-экономикалық байланысты нығайта түсу үшін жиі кездесіп, тағы да келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты.
Өз кезегінде Рахмат Промоно жылы қарсы алған өңір басшысына ризашылығын білдіріп, Түркістан қаласынан ерекше әсер алғанын жеткізді.
— Өзбекстандағы Самарқан, Бұхара қалаларын аралап көрдім. Бірақ, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі айрықша әсер етті. Менің бұл елдегі миссияларым — саяси және экономикалық байланысты күшейту. Енді біз экономикалық және сауда-саттық бағытындағы жұмыстарды тереңдете түсуге ниеттіміз. Түркістанның туризм саласын дамытуға біздің ел де үлес қосады деген сенімдемін, — деген ол екі ел арасындағы виза мәселесін жеңілдете түсу керектігіне тоқталды.
Кездесу соңында Индонезиядан келген елшілерге Түркістанның Бас жоспарына ұсынылған жобалар көрсетілді.