Аудан әкімі Мақтаралдың даму жоспарымен бөлісті

Қысқаша

Ел ішінде көппен бірге жүретін әкім – іскер әкім. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан орталығы Мырзакент кенті мен Атакент кентіндегі өзекті мәселелермен танысу үшін тұрғындармен арнайы кездесті.

93.jpgЕл ішінде көппен бірге жүретін әкім – іскер әкім. Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан орталығы Мырзакент кенті мен Атакент кентіндегі өзекті мәселелермен танысу үшін тұрғындармен арнайы кездесті. 

Ол Мырзакент кентінің мәселелі нысандарын аралап көріп, орталықтың тұрғындарымен жиын өткізді. Жиында әкім жаңа ауданның орталығы болған кентті дамытудың кешенді жоспары әзірлену үстінде екенін айтты. Жоспар бойынша Достық каналындағы үлкен көпір жөнделіп, каналдың жағалауы жаңа кейіпке енетін болады. Жаңақұрылыс аумағына қосымша трансформаторлар, электр желілерін орнату және кент аумағындағы трансформаторлар мен электр желілерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Амангелді, Жамбыл, Т.Мадиходжаев көшелеріне таза ауыз су жүйелері жүргізіледі. Аудан әкімінің айтуынша, кенттің ішкі көшелерін асфальттеу, жарықтандыру жұмыстары бұрынғыға қарағанда 2 есе артатын болады.  Кент аумағының орталығына кәріз жүйесін жүргізу де қарастырылуда. Сондай-ақ, Бейбітшілік пен Яссауий көшелерінің бойына ағын су жеткізу үшін лоток орнатылатын болады. 14547 тұрғыны бар Мырзакентте көп қабатты үйлерді көптеп салу да кешенді жоспарға енген. 

Қазіргі таңда кентте 1 кооператив, 11 ЖШС, 36 дүкен, 15 кафе, 4 тойхана, 2 базар ғана бар. Аудан орталығында кәсіпкерлікті дамыту үшін сыртқы және ішкі инвестицияны тарту көзделуде. Ол үшін аудан бойынша белді кәсіпкерлердің басын қосып, жиын өткізетінін өңір басшысы атап өтті. Мұнан соң аудан әкімі Б.Асанов тұрғындарының саны 20 мыңға таяп қалған Атакент кентінің мәселелелі нысандарымен танысты. Жаңадан асфальт төселген көшелерді аралап көріп, күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерге барды.