Баланың шаттығы - өмірдің мәні

Қысқаша

Жылдан-жылға Қазақстанда демографиялық ахуал жақсарып келеді. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда 14 миллионға жуық адам болса, қазіргі таңда 18 миллионнан асты. Енді алдағы уақытта 20 миллион межені бағындыру керек.

85.jpgЖылдан-жылға Қазақстанда демографиялық ахуал жақсарып келеді. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда 14 миллионға жуық адам болса, қазіргі таңда 18 миллионнан асты. Енді алдағы уақытта 20 миллион межені бағындыру керек. Себебі, ұлан-ғайыр даланы игеру үшін елімізде адам саны жеткілікті деңгейде болғаны абзал. Демографияны түзеуде Түркістан облысының аты оза шауып келеді. Осыған орай, өңірде адам саны артқан сайын, балабақшаға мұқтаждық та өсіп келеді. Нәтижесінде өңірде балабақшалар саны артып жатыр. Мысалы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында 150 бүлдіршінге арналған «BAL - BALAUSA» бөбекжай балабақшасы ашылып, ауылдықтарды қуанышқа бөледі. 

Жергілікті кәсіпкер Марат Құлмаханбетұлы 150 баланы мектепке дейінгі білім мен тәрбие алуына жағдай жасап қана қоймай, оған қосымша 35 азаматты жұмыспен қамтамасыз етті. Нәтижесінде ауылда жұмыссыз азаматтар саны азайды.

Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру бағдарламасымен 3-6 жас аралығында 5 783 бала қамтылғанын айтып өтті. Сонымен қатар, оның ішінде 850 бала мектеп жанындағы шағын орталыққа баратынын тілге тиек етті. Ауыл әкімі Өтеміс Мұқтархан, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүнісбай Шалтайұлы да қуанышқа ортақтасып, ыстық ықылас, ізгі тілектерін білдірді. Бұл ізгі іс-шараға ауыл тұрғындары қуанып, игі істің басы-қасында жүрген жандарға алғысын жаудырды.