Сайрамда заманауи медорталық ашылды

Қысқаша

Өңірлік инсульт орталығының негізгі мақсаты - ми-қан айналымының бұзылуынан қайтыс болатын науқастардың санын азайту және мүгедектіктің алдын-алу болып есептеледі.

72.jpgТүркістан өңірінде Сайрам аудандық орталық ауруханасында компьютерлік томографиямен жабдықталған өңірлік инсульт орталығы ашылды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлайды. Заман талабына сай жаңа қондырғы инсульт пен бас ми жарақатын нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар аппараттың көмегімен бастағы ісіктер мен қабыну процесін, сүйек құрылымындағы аурулардың ауыр жағдайын анық табуға болады. Мұнда кеудедегі, құрсақ қуысы мен асқазан, аш ішектің, мұрын қуысы мен бүйректегі ауытқуларын тексеруге мүмкіндік береді. 

Американдық компания « ДЖЕНЕРАЛ ЭЛЕКТРИК» ұсынған 64 срездік компьютерлік томографиясы облыстық бюджет есебінен 365 млн. теңгеге сатып алынды. Аппаратты арнайы оқып білу үшін аудандық ауруханадан 2 дәрігер мен 2 рентген-лаборант Алматы қаласында білімдерін жетілдіріп, маман сертификаттарын алып, әр маман қосымша Облыстық клиникалық ауруханада, жұмыс орнында екі апталық іс-тәжірибе және практиалық оқуға барып келді. 

Сайрам аудандық орталық ауруханасының өңірлік инсульт орталығында барлығы 20 төсек- орын ашылған, соның ішінде қарқынды терапия және реанимация бөлімінде 3 төсек-орын бар. Осы бөлімде неврология, нейрохирургия саласындағы тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді және дәрігерлер Астана, Алматы қалаларында өз білімдерін жетілдіріп, қайта оқып келді. Атап айтқанда Н. Маннапов нейрохирургия мамандығы бойынша Санкт-Питербург (Ресей) қаласында білімін жетілдірді.

Өңірлік инсульт орталығында науқастарды оңалту да маңызды фактор болып табылады, аурудың алдын алады. Бүгінде бөлімше алғашқы пациенттерді қабылдап жатыр. Бірақ алда әлі де көптеген жоспарлар бар, оларды жүзеге асыру үшін - қажетті медициналық жабдықтармен толықтыру, дәрігерлердің біліктіліктілігін арттыру және медициналық көмекті жетілдіру тұрақты қадағалауда болады. 

Өңірлік инсульт орталығының негізгі мақсаты - ми-қан айналымының бұзылуынан қайтыс болатын науқастардың санын азайту және мүгедектіктің алдын-алу болып есептеледі.