Баянауылдың Мырзашоқы тауында жаңа арқанжол салынуда

Қысқаша

Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Мырзашоқы тауында салынып жатқан арқанжолы құрылысының жұмысы аяқталуға жақын. Бұл туралы тау шаңғы базасын салумен айналысатын мердігер ұйым өкілдері облыстық әкімдікте өткен жиында айтылды

100.jpegАрқанжолдың әзірлігі туралы мәселені жиында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету тақырыбы аясында көтерді. Бір сағатта 600 адамды тасымалдайтын арқанжолда бүгінгі күні реттеу жұмыстары ғана қалған.

«Жұмыстың толық аяқталуына 3-4 күн жеткілікті. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін база күніне 5 мың адам қабылдай алады. Шаңғышылар, сноубордшылардан бөлек, шанамен сырғанаушылар мен қыдырып келушілерге де есігіміз ашық» , – деп мәлімдеді мамандандырылған компания басшысы Славенко Бадура.

Сарапшының айтуынша, тау шаңғы инфрақұрылымын жүргізуде Мырзашоқы тауы жаңа бастаған спортшыларға, әсіресе туристерге таптырмас орын. Сол себепті де бұл нысан қысқы туризмді дамытудағы Баянауыл ауданының алғашқы қарлығашы болғалы тұр.