Балқашта 2 жасар бала жоғалды

Қысқаша

Кеше Балқаш қаласының Теxснаб елді мекенінде аулада ойнап жүрген 2016 жылы туылған бала із-түзсіз жоғалып кеткен. Іздестіру шаралары әзірге нәтиже бермей жатыр

98.jpgАлдын ала мәліметтер бойынша, 2 қазан күні күндізгі 12:00 шамасында өз үйінің ауласында ойнап жүрген бала ата-анасының көзі тая бере шарбақтан шығып кеткен. Сәбидің ата-анасы баланың жоқтығын бір сағаттан кейін байқаған, олар бірден полицейлер мен құтқарушыларға xабарлаған.

«Баланы іздеу-құтқару шаралары кешеден береді толастаған жоқ. Іздеуге құтқарушылар, сүңгуірлер, өртсөндірушілер, кинологтар, полицейлер, еріктілер мен тұрғындарда ат салысып жатыр. Үйге жақын жердегі аумақ, ауылдағы құдықтар, ой-шұңқырлар, тал-шіліктердің түптері қаралды», - дейді Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Жоғалған бала тұратын үйден 250 метр қашықтықта Балқаш көліне құятын су арнасы ағып өтеді. Құтқарушылар мен сүңгуірлер жағалауды, қамыс нуы мен көл суын да қарап жатыр.

Сәбиді іздеу шараларына төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен қатар еріктілер де жұмылдырылған.

«Баланың жоғалғандығы жайлы бізге кешкі 19:00 шамасында xабарлады. Елуден астам ерікті баланы іздеу шараларына қатысуда. Баланың аман-есен екендігіне сенеміз. Іздеуді әрі қарай жалғастыратын боламыз», - дейді «Rina.kz» еріктілер қозғалысының мүшесі Олег Никитин.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.