Білім күні қарсаңында Түркістан облысы, Ордабасы ауданында жаңа оқу жылында 3 мектептің жаңа ғимараты ел игілігіне берілді. Солардың бірі 35 мыңнан астам тұрғыны бар Шұбарсу ауылынан ашылды. 600 орындық жаңа ғимаратқа қоныс аудару салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы барып, таяу жылдары ауданда үш ауысымда білім беру мәселесі толықтай шешілетінін жеткізді деп хабарлайды Түркістан облысының баспасөз қызметі.
- Бүгін біз Ордабасы ауданы Шұбарсу елдімекеніндегі үш ауысымда білім беріп келген «Достық» мектебінің жаңа оқу ғимаратына қоныстануының куәсі болып, ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісіп отырмыз. Үш ауысымда білім беретін аудандағы қалған екі мектептің мәселесін шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп, аудан орталығындағы Амангелді атындағы және «Темірлан» мектептерінің әр қайсысына 600 орындық жаңа мектеп салу жұмыстар жүргізілуде. Демек, Ордабасы ауданы бойынша үш ауысымды мектептердің мәселесі толық шешілетін болады, - деген облыс әкімі мектеп ұжымына компьютер бөлмесінің сертификатын тапсырды.
Жалпы, Тәуелсіздік жылдарынан бері Ордабасы ауданы бойынша 28 жаңа мектеп ғимараты салынып пайдалануға берілсе, оның 5-уі осы Шұбарсу елді мекенінде екен. Келесі жылы осы Шұбарсу елдімекенінде тағы бір мектептің құрлысын салу үшін тиісті құжаттар дайындалып жатыр. "Достық" мектебі құрылысының конкурстық құны 831745 мың теңгені құраған. Оған ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Бір жылда салынып біткен ғимараттың жалпы алаңы – 6949,6 шаршы метр. Мұнда 1180 оқушы оқиды. Оларға 120 ұстаз білім береді. Үш қабатты мектепте 24 оқу кабинеті, химия, физика, биология зертханалары, мультимедиялы-лингофонды және компьютер сыныптары бар. Сонымен қатар, кітапхана мен оқу залымен қамтылған. Оқушылар енді сапалы білім алатын болады.