«Рейтинг» газетінде біз бұған дейін облыстық мәслихатқа Шымкент қаласынан сайланған алты депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде арыз бергенін жазған болатынбыз (бұған Шымкент қаласының республикалық мәртебе алып, өз алдына бөлінгені, осыған байланысты шымкенттік депутаттардың өздері облыста, ал сайлаушыларының қалада қалғандығы себеп болғанын көзі қарақты оқырманға қайталап айтып жату енді артық шығар). Егер депутат өз еркімен мандатынан бас тартуға сұранып тұрса, облыстық сайлау комиссиясы олардың тілектерін қанағаттандыруы қажет. Таяуда өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында халық қалаулылары алты депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөніндегі шешімді бірауыздан қабылдағаны осыдан.
Сессия төрағасы мандатынан мерзімінен бұрын айырылған алты депутаттың аты-жөнін атаған жоқ. Есесіне шешім қабылданып болған соң мінбеге шыққан мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев олардың жеке-жеке аты-жөндерін атап, депутаттық қызметтеріне алғыс білдірді. Облыс әкімі бұл кезде Астанада жүруіне байланысты өз еркімен мандатымен қош айтысқандарды Алғыс хатпен марапаттау келесі сессияға қалдырылды.
Сонымен, алты депутатыңыз – Рәшкүл Оспаналиева, Қилыбек Тұрлыбек, Қайрат Молдасейітов, Бахарам Абдукаримов, Жұмағали Білісбеков және Арман Берденов. Қалған сегіз депутаттың ішінде буынып-түйініп, «сайлаушысы жоқ депутат болған дұрыс емес екенін» түсініп, мандатын мерзімінен бұрын өз еркімен тапсырғалы жатқандар тағы да бар болып шықты... Бұл туралы сәл кейінірек.
Жалпы біз бұл мәселеде біржақты пікір айтудан аулақпыз. Мәслихаттың осы жолғы шақырылымның өкілеттік мерзімі әлі жартысына да жеткен жоқ. Күні кеше әзер дегенде қол жеткізген мандатты бел ортасында тастап кету кімге оңай дейсіз? Мәслихат пен облыстық сайлау комиссиясы да бұл жағдайға келгенде төрелік айта алмады. Айналып келгенде бәрінің сүйенетіні – заң. Ал заңды жазғандар күндердің күнінде шымкенттік депутаттардың басына осындай күн туып, милары ашиды деп алдын ала ойламағаны айдан анық. Бірақ қалай десек те, депутаттың өзі басқа өңірде, ал сайлаушыларының шекарасы бөлек басқа өңірде қалып қойса да мәслихатта мәселе шешуге араласуы заңды қайдам, моралдық тұрғыдан арға сияды ма? Сессиядан кейін біз осы мағынадағы сауалды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевке қойған болатынбыз.
– Мұны форс-мажорлық жағдай деп атауға болады. Республикада мұндай жағдай бұрын-соңды кездеспеген. Сол себепті шығар, заңда мұндай кезде не істеу қажеттігі жазылмаған. Алты депутат өз еріктерімен өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде арыз берді. Шешім сессияда қабылданды. Ал қалған депутаттарға өкілеттігіңді тоқтат деуге біздің құқығымыз жоқ. Олар қаласа, осы шақырылымның мерзімі біткенше депутаттық өкілеттігін жалғастыра алады, – деді сайлауком.
Ә.Өмірәлиевтің айтуынша, бұл мәселеге Орталық сайлау комиссиясы да араласпаған. Бәрін депутаттардың өз еріктеріне қалдырып, ар сотына жүгінгендері жөн деп шешкен.
Форс-мажорлық жағдайға байланысты облыстық мәслихатқа Шымкент қаласындағы №33 сайлау округінен сайланған депутат, «Нұр Отан» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовпен хабарласып, пікірін біліп көрген едік.
– Сайлаушысы жоқ депутат өзінің өкілеттігін тоқтатуы керек деп есептеймін. Біз осыған дейін барлық мәселені ортаға салып, зерттеп көрдік. Заң бойынша депутат мәслихаттың жаңа құрамы сайланып, жұмысына кіріскенге дейін өкілеттік ете алады. Егер мен де келесі шақырылымға дейін депутат болып отыра беремін десем, бұл заңға қайшы емес. Алайда мен сайлаушыларымның жоқ екендігін ескере отырып, өкілеттігімді өз еркіммен мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімге келдім. Негізінде мен мандатынан бас тартқан алты депутатпен бірге кетуім керек еді. Мәслихатта бұл мәселе көтеріліп жатқан кезде кезекті еңбек демалысында болдым. Қазір арызымды жазып беруге дайынмын. Бірақ, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметімді атқара беремін. Төрағаның бірінші орынбасары міндетті түрде депутат болсын деген тәртіп жоқ, – деді Н.Жолдасов.
«Сонда нақты қай уақытта кетесіз?»,-деген сауалға депутат «Алдағы сессияларда кетемін»,-деп жауап берді.
Егер Н.Жолдасовты қоссаңыз, мәслихаттағы мандатынан өз еркімен бас тартқандардың саны жетеуге жетейін деп тұр. Ал қалған жетеу ше? Облыстық мәслихатқа Шымкент қаласындағы №35 округтен сайланған Әбдірашид Омаровпен телефон арқылы хабарласқанымызда ол «Мен өз пікірімді, шешімімді сәл кейінірек айтамын»,-деді. Осылайша әліптің артын бағып отырған Омаров бұл мәселеге қатысты не ойлайтынын, нендей ұстанымы барын ішінде бүгіп қалғанды жөн санайтынын аңғардық. Егер депутат алдағы уақытта пікірімді ашық айтамын десе, біз газет бетінен орын беруге даярмыз.
Естеріңізде болса біз өткен нөмірлеріміздің бірінде осы мәселеге орай Шымкенттегі №11 округтен сайланған Қайрат Сүлейменов пен №46 округтен сайланған Әсет Қайыпбековтың де пікірлерін берген болатынбыз. Екі сайлауда ұтылып үшінші рет ұмтылып жүріп әреее-ең ұтып алған мандатынан «өз еркімен» бас тартқысы келмейтін Қайрат Сүлейменов сайлау комиссиясынан депутаттық өкілеттіктің тоқтатылғаны туралы хабарлама келгенше істей беретінін ашық мәлім еткен еді. Қайта-қайта сайланып депутаттықтың дәмі таңдайына әбден сіңіп қалған Әсет Қайыпбеков те «Бөлінген соң бәрі бітті, қырқылды, үзілді деген нәрсе жоқ. Шымкенттің әкіміне кіріп, өз сайлаушыларымыздың мәселесін шеше береміз. Екі жаққа да мәселе қоя береміз»,-деген еді.
Мандатынан әзірге бас тартпай, артында сайлаушысы жоқ болса да депутаттық өкілеттігін әлі жалғастырудан қысылмайтын қалған депутаттармен байланыса алмадық. Бір қызығы, өкілеттігін өз еркімен тапсырғандар мен мандатын қимай жүрген депутаттардың дені билік партиясының өкілдері, яғни кезінде сайлауға «Нұр Отанның» жалауын көтеріп кіргендер. Бұл билік партиясынан сайланған депутаттардың жеме-жемге келгенде бірауызды бола алмайтындығын көрсетпей ме? Жалпы сайлаушысы жоқ депутаттың болуы мүмкін бе? Форс-мажорлық жағдай кімнің халық үшін, кімнің мандат пен мансап үшін депутат болғанын айқын аңғартып берді.