1 мыңнан аса жоба қаржыландырылды

Қысқаша

Елбасы тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлерді қолдау Үкіметке жүктелген негізгі міндет. Себебі, елімізде кәсіпкерлер үлесі артқанда ғана экономикалық өсім болады. Осыған орай, мемлекет бастамасымен кәсіпкерлерді қаржыландыратын түрлі орталықтар ашылды.

72.jpgЕлбасы тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлерді қолдау Үкіметке жүктелген негізгі міндет. Себебі, елімізде кәсіпкерлер үлесі артқанда ғана экономикалық өсім болады. Осыған орай, мемлекет бастамасымен кәсіпкерлерді қаржыландыратын түрлі орталықтар ашылды.  

Мысалы, Түркістан өңірінде «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы 2018 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылады. Орталықтың баспасөз қызметі хабарлағандай, компания өзінің еншілес ұйымы «Ырыс» МҚҰ-мен бірлесіп ағымдағы жылдың алты айында жалпы сомасы 3 920,7 млн. теңгені құрайтын 1068 жобаны қаржыландырды. Жүзеге асырылған жобалар аясында 1 119  жаңа жұмыс орны ашылған.

Қаржыландырылған жобалардың 31 пайызы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Бұл бағытта 1,2 млрд. теңгені құрайтын 220 жоба қолдау тапты. Одан бөлек, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және егін шаруашылығы бойынша 2,2 млрд. теңгеге 794 жоба, жылыжай шаруашылығы бойынша 99 млн. теңгеге 12 жоба қаржыландырылып, жалпы сомасы 224,5 млн. теңгені құрайтын ауылшаруашылық техникалары лизингке берілген.

Ашылған сәтінен бастап компанияның портфелінде жалпы сомасы 22,2 млрд. теңгені құрайтын 5 486 жоба бар. Жалпы, бүгінгі күнге дейін 56,2 млрд. теңгеге 18 мыңға жуық кәсіпкерді қаржылай қолдай отырып, компания 42 600 жаңа жұмыс орнының ашылуына ықпал етті. 

Сонымен қатар, биыл кәсіпкерлерге ғана емес, облыстың барлық тұрғындарына қолайлы шарттармен жаңа қаржыландыру бағдарламалары іске қосылды. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «ОҢТҮСТІК» АИО тұрғын үйлерді күтіп-баптауға арналған жасыл қағидаттарды енгізу арқылы смарт үйлерді салуға қатысу үшін қаржыландыру механизмін әзірледі.