Түркістан интенсивті баулармен жасыл желекке бөленеді

Қысқаша

Елбасының Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы мен Шымкент қаласына бөлген тарихи Жарлығынан кейін Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру үшін үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді.

813.jpgЕлбасының Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы мен Шымкент қаласына бөлген тарихи Жарлығынан кейін Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру үшін үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың ең үздік тұжырымдамасын әзірлеуге ашық халықаралық конкурс жарияланды. Түркістан қаласының ұзақ мерзімді аумақтық дамуы, мәдени-тарихи мұрасының сақталға әрі туристік әлеуетін дамытуға негізделген конкурстың жобалар көрмесі таяу күндері өтеді.

Бас жоспар бекітілген соң соған сәйкес Түркістан қаласында жаңа әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал, көптеген әкімшілік ғимараттар мен мәдениет ошақтары салынады. Мұнан бөлек 65 мың тұрғынға арналған жаңа қалашық бой көтереді деп жоспарлануда. Демек, алдағы жылдары Түркістан қаласы үлкен құрылыс алаңына айналады деген сөз. Қарқынды құрылыс қалаға инвестиция құйылуына, көптеген жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, кәсіпкерліктің қанатын кеңге жайып, экономиканың дамуына әсер етеді.

Мұнан бөлек, Түркістан қаласында кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамытуға да баса мән берілмек. Әсіресе, өнеркәсіп жетекші салаға айналуы тиіс. Сондай-ақ, Түркістанның айналасында жылыжай мен интенсивті бауларды көптеп өсірілмек. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығы саласының дамуына әсер етсе, екінші жағынан туристерге көрсетуге болатын экотуризм нысанына айналады.