Түркістандық мұғалімдерге зор қолдау көрсетіледі

Қысқаша

Түркістан қаласында өткен облыстық Тамыз кеңесінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаев ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесіне тоқталды. Ұстаз бедеді — мемлекет беделі екенін атап өткен ол білікті маман, отаншыл азамат тәрбиелеу үшін мұғалімдердің

803.jpgТүркістан қаласында өткен облыстық Тамыз кеңесінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаев  ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесіне тоқталды. Ұстаз бедеді — мемлекет беделі екенін атап өткен ол білікті маман, отаншыл азамат тәрбиелеу үшін мұғалімдердің білімі мен қайраты мол болу керектігін айтты. Облыста түлеп ұшып, өзге өңірлерде қызме етіп жүрген білікті мамандар мен педагогтарды туған жерге шақыру керектігін жеткізді. Осы жиында Жансейіт Түймебаев Түркістан облысында ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау күшейтілетінін атап өтті. Мәселен, биылғы қыркүйек айынан бастап ұлттық біліктілік тестілеуден өткен 4200 педагогтың айлық жалақысы санаттарына қарай 30-50 пайызға артады. Оған облыстық бюджеттен 1 млрд. 67 млн. теңге қаралды. Биыл жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ беріп жатқан 32 мыңнан астам ұстазға 30 пайыз жалақы қосылды. Оған бюджеттен 10 млрд. 290 млн. теңге қаралған.

Бүгінде Түркістан облысында кәсіптік білім сапасын көтеру мәселесіне әкімдік тарапынан назар аударыла бастады. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды саланың бірі – техникалық және кәсіптік білім беру. Себебі, кәсіптік білім мекемелерін бітіруші түлектердің 25-30 пайызы жұмыспен қамтамасыз етілмей келеді. Ол мемлекеттік тапсырысты дұрыс қалыптастырмаудан. Қоғамға нақты қандай мамандар қажет екені жіті зерттелмегендіктен жастардың біразы дипломға сай жұмыс таппай жүр. Осы олқылықты жою мақсатында биыл кәсіптік маман даярлау бағытында мемлекеттік тапсырысты жүйелеу үшін 7 жұмысшы топ құрылған. Жұмысшы топ қоғамға аса қажетті мамандықтарды саралаған. Осы жаңа формат бойынша биыл өңірге қажетті мамандар даярланады, жұмыссыздар саны азайып, мемлекет қаржысы тиімді мақсатта жұмсалады. Биыл мемлекеттік тапсырысқа республикадан 3 млрд. 900 млн. теңге ал, облыстан 17 млрд. теңге қаралды. Нақты қадам арқылы кәсіптік білімнің сапасы көтеріліп, облыс экономикасына қажетті мамандар тапшылығы мәселесі де шешілмек.