Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қаншалықты дамып жатыр? Бұл жөнінде тиісті сала басшылары берген есептерден білуге болады. Сол арқылы нақты статистика жасап, қай сала дамып жатыр, қай салада кемшіліктер орын алып жатыр, бәрін електен өткізіледі.
Осыған орай, Түлкібас ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында биылғы жылдың 6 айының есептік қорытындысы бойынша жиналыс болып өтті. Бұл жолы кірістер саласының қызметкерлері аудан басшылары алдында есеп берді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы жүргізіп отырды. Қорытынды есеп беру үшін аудандық кірістер басқармасының басшысы Мықтыбек Орынбаев баяндама жасап, жыл басынан бергі жұмыстарға және 2018 жылға салық салу базасын кеңейтудің міндеттеріне тоқталды.
Ауданда қазіргі таңда 108 855 салық төлеуші тіркелген. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының саны – 6 235 (әрекет ететіні – 5 961, әрекетсізі 274). Заңды тұлғалар 765 (әрекет ететіні – 685, әрекетсізі 80). Осы салық төлеушілердің мемлекет қазынасына төлейтін салықтары мен төлемдері ауданымыздың меншікті кірісін құрап, өңіріміздің әлеметтік-экономикалық дамуына септігін тигізеді. Сондықтан биылғы бірінші жартыжылдықтың түсімдері мемлекеттік бюджет бойынша 107,3 млн. теңге артығымен орындалған. Яғни, жоспар 1 735,2 млн. теңге болса, түсім 1 842,5 млн. теңге болып, пайыздық көрсеткішпен 106,2-ге шыққан. Ауданымызда жергілікті өзін-өзі басқару бойынша мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі ретінде 15 ауылдық және поселкелік округтері қарастырылған. Соңғы алты айдың қорытындысымен 5 салық түрінен 4-ші деңгейдегі бюджет жоспары 80 375,0 мың теңге болса, нақты 139 899,9 мың теңге түсіп, жоспар 174% орындалған. Сондай-ақ, төлем көздері бойынша жоспар артығымен орындалғанымен, кейбір ауыл округтері төлем көздері бойынша жоспарды орындамаған. Олардың аты аталып, сыни ескертпелер берілді.