Түркістан өңірі жоғары туристік потенциалға ие

Қысқаша

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм саласының өкілдерімен өткен жиында Түркістан өңірі жоғары туристік потенциалға ие екенін мәлімдеді.

20.jpgБүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм саласының өкілдерімен өткен жиында Түркістан өңірі жоғары туристік потенциалға ие екенін мәлімдеді.

Басқосуға облыстық басқарма басшылары, туристік агенттік пен тарихи, мәдени орталық жетекшілері және қолөнер шеберлері қатысып, аталған саланы дамыту жайында ұсыныс пікірлерін білдірді. Жиынға төрағалық еткен аймақ басшысы өңіріміздегі туризм саласын түлетудегі негізгі алғы шарттарын атап өтті.

«Біздің облысымызда туристер қызығатын тарихи және мәдени нысандар өте көп. Тамаша табиғатының өзі бір төбе. Солай бола тұра, неге бізге Түркиядағыдай туристер ағылмайды. Себебі, қонақтарға көрсетілетін қызмет тиісті деңгейде жасалмаған. Міне, осы кемшіліктерді жоюымыз керек. Яғни, әуежайдан бастап қонақ үй, сервис, дәмхана, гидтерге дейін жоғары дәрежеде қызмет көрсететін болса, келушілердің қатары арта түседі. Сол үшін шетелдік әріптестермен жан - жақты тәжірибе алмаса отырып, қонақ күтудің озық үлгілерін үйренуіміз керек», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өңір басшысы туристік индустрияны дамыту мақсатында арнайы бағдарлама құрылатынын айтты. Осының негізінде туристік нысандардағы инфрақұрылым мәселесі шешіліп, сервистік қызметті жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылмақ.