Сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафонының алғашқы қорытындылары белгілі болды

Қысқаша

Салтанатты шара аясында Байқоңыр ауданы әкімі Е. Каналимов эстафета алауын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкіліне тапсырды.

1532853229243743.jpg

Астанада «Жастар» сарайында салтанатты шара барысында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Адал жол – Честный путь» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафонының қорытындыланды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сәуір айынан Астана қаласы аудандары делегаттары әкімдіктен әкімдікке қағидасы бойынша бір-біріне эстафетаны берген болатын. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елорда департаментінің бастамасымен өткізілген марафонның мақсаты – халықтың назарын бірлескен күш-жігер арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру.

Жалпыхалықтық шара 200 мыңнан астам елорда тұрғыны мен қонақтарын қамтыды. Оның аясында әр ауданда жүргізілген өткізілген іс-шаралардың суреттері БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жарияланып, онда айтылған азаматтардың пікірлері мен ұсыныстары ескерілді.

«Адал жол – Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны аясында концерттер, авто және артфлешмобтар, спорт жарыстары, жеке ұйымдар өкілдерімен кездесулер өткізілген болатын.

Бүгінгі салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев марафон аясындағы шаралардың жалғасатынын алға тартты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелерді шешуде қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру маңызды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты саясатының арқасында Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап, жемқорлыққа қарсы кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Азаматтық қоғамның белсенді қолдауымен, өзекті мәселелерді шешуге болады. Сол себепті «Адал жол» сияқты марафонның рөлі маңызды. Мұндай шараларға елорда әкімдігі қашанда мұрындық болуға дайын. Парақорлыққа қарсы күрес әрі қарай жалғасатын болады», - деп қорытындылады Ермек Аманшаев.

Салтанатты шара аясында Байқоңыр ауданы әкімі Е. Каналимов эстафета алауын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкіліне тапсырды.

Шара концерттік бағдарламаға ұласты.