Шымкентте көліктерге аймақтық 17 нөмірі беріле бастады

Қысқаша

Шымкенттегі мамандандырылған ХҚО арқылы жыл басынан бері 25 мыңнан астам жүргізуші куәлігі беріліп, 130 мыңнан астам автокөлік тіркелген.

1532675344516095 (1).jpg

Жақында Шымкент республикалық маңызы бар қаланың мәртебесін алды, ал Түркістан облыс орталығына айналды. Осыған байланысты автокөлік құралдарын рәсімдеу кезінде өзгерістер орын алуда, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен, Шымкент қаласының тұрғындарына «17» сандық нөмірлі белгілер шығарылатын болады. Ал, Түркістан облысында автокөлік жүргізушілері үшін «13» сандық нөмірі өзгеріссіз қалады.

Айта кетейік, «Автокөлік құралдарын тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандартына сәйкес, Шымкентті қоса алғанда, басқа аймақтарда да өзгеріс болмайды.

Бүгінде Түркістан облысында Шымкентегі 8 ХҚО-ны есепке алғанда, мемлекеттік корпорацияның 25 фронт-офисі қызмет көрсетеді. Солардың бірі – автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін беру мемелкеттік қызмет түрлерін көрсететін мамандырылған ХҚО.

«Мамандандырылған ХҚО ғимаратында қажеттілігіне қарай, жүргізуші куәлігін алу үшін нарколог, психиатр анықтамаларын алып, медициналық тексеруден өте алады. Одан бөлек, автожүргізушілер көліктерін Түркістан және Сайрам аудандарындағы мамандандырылған ХҚО секторы арқылы тіркеуге болады», - делінген хабарламада.

Шымкенттегі мамандандырылған ХҚО арқылы жыл басынан бері 25 мыңнан астам жүргізуші куәлігі беріліп, 130 мыңнан астам автокөлік тіркелген.