Жуырда Шымкент қалалық опера және балет театры ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын қайта жаңғыртып, жаңаша стильде көрермен назарына ұсынды. Жалпы, биыл үшінші мегаполистегі бұл театрдың жаңа тынысы ашылғандай, өзгеріс көп. Өнерсүйер қауым бұл оң өзгерісті театр басшысы Майра Мұхамедқызымен байланыстырып отыр. Осы орайда ол кісіден мегаполисте опера театрына жаңа ғимарат салынады деген құрылыс қалай болып жатқанын сұрап едік.
— Бүгінде ғимарат құрылысына жауапты BI Group компаниясымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Театр әлемдік стандарттарға сай болуы үшін театрдың архитекторлық жұмыстарына да ұсыныс тастап отырмын. Әлемдік қойылымдар сахналау үшін республикадағы өзге театрларда кеткен кемшілік қайталанбаса, заманауи техникалық жабдықтармен, барлық талаптар сақталып жасалса деген ниетте ізденіс үстіндеміз. Штат мәселесі, грим бөлмесі, репетициялық залдар, балет бөлмесі, акустикасы барлығына мән берілуде. Жылжымалы сахнаның құрылысы да өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Мәселен, «Астана-опера» әлемдегі үздік бестікке енді. Оның жылжымалы төрт сахнасы, техникалық мүмкіндіктері өте мол. Сахнаны жоғары-төмен көтеріп, жылжытып, түрлі ғажайып дүниені жасауға мүмкіндік бар. Біздікі ол сияқты үлкен емес, дегенмен, 570 шаршы метр деген аз аумақ емес. Зал 800 орынды болмақ, - деді Майра Мұхамедқызы.