“Shymkent” ӘКК АҚ-ның ұйытқы болуымен Шымқалада тағы да жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Шымкенттегі Құрсай елді мекенінде 500 оқушыға арналған төрт қабатты жаңа мектеп құрылысы аяқталуға жақын.
Ел игілігі үшін инвесторлар есебінен салынған бұл мектеп жаңа жыл қарсаңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жаңа білім ордасында бәрі заманауи талапқа сай, оқушылардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Оқушылардың түрлі үйірмелер мен спорттық шараларға қатысуға мүмкіндігі бар. Білім ұясында 100ге тарта мұғалім жұмыс істеп, 500 оқушы білім алады.
Айта кетейік, бұл мектеп жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Яғни, балалардың білім алуы үшін мемлекет есебінен қаржы бөлініп отырады. Ал, мектеп құрылысына кеткен ақша инвестордың жеке қаржысынан қаралып отыр.
Жалпы соңғы жылдары үшінші мегаполисте мектеп, балабақша, спорт алаңдары секілді халыққа қажетті нысандарға инвестиция құюға дайын кәсіпкерлер саны артып келеді. Бұл инвестор және мемлекет үшін де пайдалы іс. Бастысы қалада инвесторларың көмегімен үш ауысымды және апатты мектептер саны азайып, тұрғындардың спортқа қолжетімділігі арта түсті.