Гауһар ананың кесенесіне Қырғызстаннан, Өзбекстаннан туристер көп келеді

Қысқаша

Гауһар ананың кесенесіне Қырғызстаннан, Өзбекстаннан туристер көп келеді

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етушілер әуелі оның ұстазы Арыстан бабтың Отырар жеріндегі мазарына барып құран бағыштайды. Одан кейін ғана Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келіп зиярат етеді. Қорық-мұражай аймағымен таныстырушылар туристерге Гауһар ана кесенесіне баруға кеңес береді екен. Гаухар ана кесенесіне келушілердің алған әсерін білмек болып, сөзге тарттық. 

25d3798d4cdae5a2d36c0409728e59b0.jpg

Мексерне Шахин, туркиялық турист: Мен Қожа Ахмет Ясауи ілімі жайлы ғаламтордан  арнайы деректер іздеп қарадым. Қазақстанға, нақтырақ Түркістанға келу жайлы шешім қабылдағанда, Гауһар ана мазарына міндетті түрде барамын деп ойладым. Маған бұл жердің суынан дертіне шипа іздеп келетін адамдардың жағдаяттары қызық көрінді.  Кесене аймағының өсімдіктерге бай, саялы екендігі жағымды әсер етті. Менің таңданысымды тудырған - артизан суының тастай салқындығы болды.

Мазарға келушілердің барлығы бірін - бірі жатсынбай көмек көрсетуі, зиярат ету тәртібін тыңғылықты түсіндіруі ұнады. «Қазақ халқы - қонақжай» деген пікірдің растығына көзім жетті. Аңыз - әңгімелерде айтылатын Қылуетпен байланыстыратын жерасты жолы шын мәнісінде бар болып табылса, келушілердің қатары мұнан да молая түсер еді. Мен Түркістан қаласында түскен суреттерімді әлеуметтік желіде жариялағанымда, достарым қатты қызығушылық танытты. Күлтөбе қалашығында археологиялық парк ашылғанда қазақ еліне тағы да саяхаттап келемін деп шешім қабылдадым.

Жаңыл Ізбасарова, Шымкент қаласынан келген зияратшы: Гауһар ана кесенесі жайлы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы қызметкерлерінен естіп келдім. Таңертең адамдардың көптігін көргенде қызығушылығым арта түсті. Гауһар ана мазарында Құран оқылған соң, артезиан суын іштік. Өте салқын екендігіне таңданысым туды.  Жанымдағы серіктерім қант диабеті, асқазан қыжылынан айығуды ниет етіп келген екен. Гауһар ана мазарының маңындағы саябақ ерекше ұнады. Себебі аптап ыстықтан қорғануға мүмкіндік береді. Зиярат етіп келушілерге жақсы жағдай жасалған.

Асия Карина, Атырау қаласынан келген зияратшы: Түркістанға алғаш рет келуім. Негізі қызым осыдан екі жыл бұрын осы рухани астанаға оқуға түскен. Дегенмен сол кездерде келе алмасам да, осы жылғы демалысымда киелі қалаға қадам басу бұйырыпты. Түркістанда өзгерістер өте көп. Мен оған қуаныштымын. Бірнеше жерлерді қызыммен аралап таңдандым.  «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахмет Ясауидан» тіле деген өсиетті сөзді ескеріп, бірінші  Отырарда болдық. Бабаларымызға зиярат еттік. Қожа Ясауидің өмірі туралы бірнеше ақпараттар естідім. Мәселен мен отбасы жөніндегі мәліметтерді білмеуші едім. Осы жақтың адамдарынан ести отырып, Ясауи бабамыздың қызы Гауһар анамыздың мазары жөнінде білдім. Түркістанға жақын маңайда орналасқан мазарға барып зиярат етпесем болмас деп жолға шықтық. Гауһар анаға арнап құран оқытып, қасиетті орыннан нан мен  судан ауыз тидік. Бізге шырақшы Гауһар ана жайлы айтып  берді. Гауһар ана - емшілердің пірі. Бүгінгі таңда Гауһар ананың басына Қырғызстаннан, Өзбекстаннан дәрігерлер жиі келіп құран оқытады екен. Гауһар анамыз жұма намазын Меккеде оқыған деген тың деректерді естідім. Бұл кесененің тарихымызды тануға, аналарымызды аялауға, денсаулығымызды сақтауда, дүниетанымы кең де саналы ұрпақ тәрбиелеуде берері мол.