Түркістанда ескі саябақтар жөнделіп, жаңа саябақтар бой көтеруде

Қысқаша

Түркістанда ескі саябақтар жөнделіп, жаңа саябақтар бой көтеруде

61dc8133442c5c36c97ebf0255cb6ad6.jpg

Түркістан қаласы – жаздыгүні қатты ысиды. Себебі, қала жазық далада орналасқан. Айналасында қалың ну, тау-тас, тоғайлар, өзендер жоқ. Сондықтан да мұнда жазда күн қақ төбеден түсіп, жергілікті тұрғындарға қиындық тудырады. Және де шетелден келетін туристер Түркістанда жаз мезгілінде қиын жағдайда қалатындарын айтып қалып жатады. Олар жан сауғалайтын жер таппай, шыжыған күн астында қалып кетеді. Бұл өз кезегінде олардың денсаулығына зиянын тигізуі әбден мүмкін. Осыларды ескере отырып, қалада саябақтар санын көбейткен абзал. Саябақта ағаштар таза оттегі шығарып, адамдарға көлеңке сыйлап, ыстық температураны түсіруге өз ықпалын тигізеді. 

Қазіргі таңда Түркістанда бұрынғы саябақтар қайта жөнделіп, жаңа саябақтар бөй көтеруде. Бұрынғы «Селмаг» су қоймасының орнынан «Жастар аллеясы» бой көтермек. Бұл аллея қала жастарының демалысы үшін тиімді әрі қолайлы орын болмақ. Мұнда спорт алаңдары (теннис корттары, волейбол, баскетбол алаңшалары) мен демалыс бастырмалары, субұрқақтар салынып, абаттандырылады. 3,3 гектар жерді құрайтын аллеяның аумағы тегістеліп, тазалау жұмыстары жүргізілді. Ескі су қоймасының су құбырлары ауыстырылып, траншеялар қазылып, субұрқақтар құрылысы жанданып, бетондау жұмыстары жүргізілуде. 

Сонымен қатар, «Түркістан Ахмет Ясауи» мешіті жанынан «Тұңғыш Президент» саябағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Саябақта мүсіндер, балаларға арналған ойын алаңшалары, субұрқақтар, демалуға арналған бақ, спорттық алаң, веложол, велосипед қоюға арналған велотұрақ және автотұрақ, қоқыс тастауға арналған орындар болады. «Тұңғыш Президент» саябағы шаһардағы озық үлгідегі, халық назарын аударатын демалыс аймағына айналады. Аталған саябақ тек жергілікті халықтың емес, туристердің де сүйікті орны болады.