Түркістанға қызыққан инвесторлар көп

Қысқаша

Түркістанға қызыққан инвесторлар көп

a6fa8d2a3c94d2612aa386f789737114.jpg

Өңір экономикасына инвестиция тарту –мемлекеттік басымдықтарының бірі. Бұл орайда Түркістан қаласының әкімдігі шетелдік инвесторларды тарту үшін барлық жағдайды жасауда. Мақсатты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде негізгі капиталға жұмсалған инвестиция көлемі биылғы қаңтар –сәуір айларының қорытындысы бойынша 8856,5 млрд теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 139,1 пайызды құрады. Оның ішінде жеке инвестиция 5991,5 млн.теңге немесе 122,3 пайыз болды. Түркістан қаласында шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында тың жобалар да ұсынылуда.  Мысалы, жуырда жас мемлекеттік қызметшілер ұсынған жобалардың негізінде туризм саласын дамыту мақсаты да жатыр. Мысалы, «I-Shatyr» жобасы бойынша туристерге қолайлы жағдай жасау, «Zhan-Uia» жобасында өңірдегі қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру арқылы бала мен мейірімге мұқтаж жандарды жақындастыру көзделген. «EthnoVillage» жобасында қаланың тарихи аймағына этноауыл салу қаралған. Жастардың аталмыш жобалары алдағы уақытта жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ бірқатар жобалар облыстық кәсіпкерлік, индустриалды –инновациялық даму басқармасының жанынан ашылып, қызмет етіп отырған «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына» жолданған. 

Өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру, көлік инфрақұрылымын басқару, қызмет көрсету және әкімшілік кедергілерді жою мақсатында сауда-логистикалық орталығын салуға жалпы алаңы 20,0 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік акті алынған. Орталықтың инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына 237,0 млн.теңге бөлінген. Бүгінге дейін сауда –логистикалық орталықта 2 жобаның орналасуына оң қорытынды берілген. Кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Г.Даханованың мәліметінше, сауда -логистикалық орталыққа инвесторларды тарту үшін ірі компанияларға Түркістан қаласының дамуына үлес қосу үшін арнайы хаттар жолданып,  қаланың инвестициялық ахуалы туралы ақпарат ұсынылған.