Оқушыларға жасөспірім кезінен туған елдің тарихын көрсетіп, санасына сіңіру – алдыңғы буынның парызы. Жақында Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Серікбай Ибадуллаев Астанада оқитын немересі Нұрсатайдың сыныптастарына демеушілік жасап, Түркістанның қасиетті жерлерін аралатып қайтты.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 жаратылыстану және математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектеп-лицейінің 10-шы сыныбының 13 оқушысы мен сынып жетекшісі Айман Дөшкенқызы екі күндік сапармен Оңтүстікке келді. Балаларды бастап жүрген Серікбай Ибадуллаев алдымен оқушыларды Шымкентке кіре берістегі Алпамыс батыр ескерткішіне апарды. Одан соң қонақтар Шәуілдірдегі Отырар мемлекеттік қорық-музейіне, сосын Отырартөбеге, Арыстан-баб кесенесіне, Түркістандағы «Әзірет Сұлтанға», Укаш ата кесенесіне барып, соңында Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде болды.
– «Тарихты тану» тақырыбы аясындағы саяхаттың мақсаты – кітаптан оқып келген балаларға тарихи орындарды көрсету. Немерем Нұрсатай сыныптастарын қонаққа шақыратынын айтқанда атасы ретінде ойын қуаттадым. Ұстазы Айман Дөшкенқызы балаларды ұйымдастырып алып келді. Жас ұрпаққа Оңтүстіктің тарихи жерлерін көрсетіп, олардың бойында отансүйгіштік сезімді ояту қажет. Облыстық мәслихаттың депутаттарына осы мәселені айтқанымда олар қызығушылық танытты. Ел, жер тану арқылы саяхат жасау жиі жалғасып жатса, балалар туған жерімен мақтанып өседі,- деді депутат.Отырардағы музейде балаларды Халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов қарсы алды. Музейді аралап болған соң ақын балалар сапарының құрметіне өлең оқып, оларға келекшекте зор табыс, сәттілік тіледі.
– Әл-Фарабидің, Шәмшінің, Өзбекәлінің туған жеріне келдіңдер. Бабтардың бабы – Арыстанбабқа барасыңдар. Зияраттарың қабыл болсын! Адамның рухани қазынасы мен материалдық қазынасы қатар болса құстың қос қанаты сияқты кедергісіз ұшады. Ал оның біреуі кем болса бірқанатпен ұша алмайды. Сондықтан, қос қанаттарың тең болсын!- деген Ә.Қалыбекова астаналық өрендерге арнаған өлеңін оқып берді.
– Он үш баламды ертіп дәм айдап Сарыарқаның жерінен келдім. Шымкентке табанымыз тигеннен бастап оқушымның ата-анасы күтіп алып, құрмет көрсетіп жатыр. Жылы өлке тұрғындарының мейірімін сезіндік. Тарих пен әдебиеттен оқығандарын көзбен көрді. Бұған дейін оқушылар мұндай саяхатқа шығып көрмеген. Отансүйгіштік қасиет – ұлдардан басталады. Ертең ел тізгінін ұстайтын балалар қазірден атамекенінің әр өлкесін біліп өссе дейміз. Осы сапардың өзінен оқушылар қаншама рухани азық алып қайтады»,- деген ұстаз Айман Дөшкенқызы бұған ұйытқы болған оқушысы Нұрсатайдың атасы Серікбай Ибадуллаевқа алғысын айтты.
Балаларды әсіресе Шыңғысхан қиратқан Отырар қаласының ежелгі орны қызықтырды. «Тарихи төбенің аумағы 250 гектар. VII-XV ғасыр аралығында Орта Азияның астанасы болған. Әлі қазылмаған жері қаншама. Бүгінде мұндағы хан сарайының айналасы ғана қоршалған»,- деді оқушыларға тарихи орынды таныстырған тарихшы Бауыржан Камалов. Келешекте аспан астындағы мұражай ету жоспарда бар. Қазір қалашыққа жақын жерден екі ғимарат салынуда. Соның бірі – қонақ үй, бірі – мұражай. Осы Отырар қалашығынан шыққан заттар сол мұражайға қойылады.
Оқушылар ертең-ақ жігіттік жастан өтіп, азамат атанады. Жолы түсер бәлкім түспес бірақ Оңтүстік өлкесі тарихының құндылығымен, тұрғындарының қонақжайлылығымен естеріне қалары кәдік. Кешегі алашордашыл ғалым Қошке Кемеңгеровтың ұрпағы Қуатбек Кемеңгер, Бекболат Бекежанұлы, Әбір Әлихан есімді балаларды Түркістанның қызғалдағы, жасыл ағаштар, жалпы жасыл желектің көптігі таңдандырыпты. Тарихи жәдігерлер өз алдына. Нұрсатайдың атасы айтпақшы «оталып кетсе орыс тілінде сөйлейтін» астаналықтар Оңтүстіктен осылай жақсы әсермен қайтты.