Дін атын жамылып, адамды өздерінің арам мақсаттарына пайдаланушылар жиі кездеседі. Олар көбінесе шет елден келіп, ел ішіне іріткі салып, діни алауыздықтар тудырады. Олардың негізі мақсаттары – тұрақтылықты, бейбітшілікті жойып, ала тайдай бүлінген елде өз саясаттарын жүргізу. Олар халықты қанап, даму үрдісін тежейді. Сондықтан да, мұндай теріс пиғылды кереғар діні ағымдарының жұмыстарына тосқауыл қою керек.
Осыған орай, бүгін дін мәселелері жөніндегі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауыл округіне қарасты №18 колледж студенттері және Темірлан ауылындағы Кәусар гимназиясының оқушыларымен кездесу өткізді.
Кездесуге «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, теология ғылымдарының докторы Ш.Әділбаева, «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» КММ бөлім басшысы, психолог маман Л.Узакбаева, әйел жамағаттарымен жұмыс жасайтын теолог маман Н.Жетпісбай, Дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу" орталығының директоры А.Ноғаев қатысты.
Кездесу барысында ғаламторда, әлеуметтік желілердегі арбау тәсілдері және оның алдын алу жолдары,зайырлылық құндылықтары негізінде дұрыс діни таным қалыптастыру тақырыбында мағлұмат берілді. Жиын соңында оқушылар сұрақ қойып, тұщымды жауаптарын алды. Кездесуде оқушылар дұрыс діни ақпаратты қайдан алуға болатын сұрады. Себебі, қазір ғаламторда ақпараттар өте көп. Оның арасында дұрыс емес ақпараттар да бар. Бұған дін өкілдері расталған діни ақпараты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтынан немесе осы ҚМДБ құптаған өзге ресурстардан алуға болатынын айтты. Сонда ғана адасушылық деген болмайды.