Белсенді жастар Түркістанды түлетпек

Қысқаша

Белсенді жастар Түркістанды түлетпек

7.jpg

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев еліміздің көшбасшы жастарымен бейресми кездесу өткізді. Басқосуда Түркістан өңіріндегі жастардың жеткен жетістіктері мен шешуді қажет ететін түйіткілдер әңгіме арқауына айналды. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жиын барысында аймақ басшысы жалынды жастарды түркі әлемінің рухани астанасы атанған өңірдің өркендеуіне үлес қосуға шақырды. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Қазіргі таңда Жастар жылын өткізу жөніндегі ел Үкіметі жол картасын әзірлеуде. Бұл жобаға Түркістан қаласында өтетін ірі көлемді халықаралық іс-шаралар енгізілуде. Келер жылы Орта Азия елдері жастарының Форумы, түркі тілдес мемлекеттердің жастарының конгресі ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, облыстағы әр ауданның белсенді жастары ай сайын «Түркістанға тарту» атты шығармашылық шаралар өткізілмек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жастар жағы Түркістан өңірінде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасалып жатқаны көңіл қуантатынын жеткізді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Тоғыз құмалақтан әлемнің 7 дүркін чемпионы Әсел Далиева жылы лебізін айтты: 

– Қазіргі таңда өңіріміздің жастары түрлі салалардағы байқаулар мен сайыстарда биік белестерді бағындырып жүр. Бұл ретте, жастарға жасалып жатқан қолдаудың маңызы орасан зор. Бүгінде жатықтырушының да қызметін қоса атқарудамын. Мұның барлығы Сіздің біздерге деген сеніміңіз, жас спортшылардың бойына артылған үлкен үміт. Облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы тоғыз құмалақ спорт түрінің одан ары жандануына мүмкіндік беретінін айтқым келеді. Яғни, жаңа ғимараттар мен спорт алаңшаларының салынуы жас спортшылардың жаңа қырынан көрінуіне есік ашатыны сөзсіз.

3 күнге жалғасатын форум «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікір-сайыс турнирімен бастау алды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.