Жұмыстар сандық технологиялар бойынша жүзеге асады

Қысқаша

Жұмыстар сандық технологиялар бойынша жүзеге асады

21.jpg

XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар ғасыры болғасын, технологияны заман көшінен қалмай тезірек игерген абзал. Ақпараттық технологияны неғұрлым ертерек меңгерген сайын, мемлекеттің даму үрдісі де соғұрлым тез болады. Аталған технология – ақпараттың мөлдір болуын қамтамасыз етіп, көлеңкелі жайттарды болдырмайды. Бұл өз кезегінде жең ұшынан көрінбей жалғасқан сыбайлас жемқорлықты жояды. Сыбайлас жемқорлықтың түбіне жететін бірден-бір әдіс – ашықтық. Бүкіл процесс ашық жүрген жерде, халықтың көз алдында болған жағдайда ешқандай заңбұзушылық орын алмайды.

Осыған орай, бүгін Түркістан облысы, Сарыағаш қаласында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында кездесу өтті. Жиын барысында «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның «Цифрландыру орталығы» филиалы мен Сарыағаш ауданы әкімдігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандум түзілді. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Түркістан облысындағы цифрландыру орталығының» директоры Асылбек Жангуловтың айтуынша, мұндай құжаттар тың жобаларды жүзеге асыруда жаңа мүмкіндіктер береді. 

–Облыста сандық форматқа көшу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазіргі күні денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, транспорт және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы сияқты бес салада 27 жоба жүзеге асырылып жатыр. Біздің филиалдың бір ай бұрын ашылғанына байланысты, әзірге, аталған құжаттарды түзуге келісім берген алғашқы аудан Сарыағаш болып отыр. Алдағы уақытта мұндай келісімдер Түркістандағы барлық аудан, қалалардың әкімдігімен жасалып, жұмыстарды бірлесе атқарамыз деп ойлаймын, – деді Асылбек Жангулов.

Өз кезегінде, Сарыағаш қаласының әкімі Сәуле Сүлейменова «Түркістан» ӘКК» «Цифрландыру орталығының» өкілдеріне алғысын білдірді.