Бүгінде әлемде миллиондаған, миллиардтаған тонна өнім өндіріледі. Одан қалатын қалдық көлемі де аз емес. Осының салдарынан жер дүниені қоқыс басып кету қаупі бар. Бұл мәселені болдырмау үшін әлем елдерінде қоқыс өңдеу зауыттары салынып жатыр. Мұндай зауыт, нақтырақ айтсақ, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу зауыты Түркістан облысы, Ордабасы ауданында да бой көтеріп, іске қосылды. «TURKISTAN INVEST» компаниясының қолдауымен «Green technology industries» ЖШС жүзеге асырған инвестициялық жоба Түркістан облысының Ордабасы ауданы «Бадам» индустриялдық аймағындағы 4 гектар жерде орналасқан. Жобаның құны 5 млрд. 985 млн. теңгені құрайды, 250 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жөнінде TURKISTAN INVEST «Шымкент» ƏКК» АҚ филиалының баспасөз қызметі хабарлайды.
Полиэтилентерефталаттық қалдықтарды (ПЭТ) қайта өңдеу және штапельді талшықтарды өндіру бойынша жобаның қуаттылығы жылына 100 тоннаны құрайды. Өндірілетін өнім ТМД елдеріне экспортталады.
Қазіргі таңда өндіріс ошағында ПЭТ түйіршіктерін өндіру басталды. Ал талшық өндіру 2019 жылдың наурызында басталады деп жоспарланған. Қалдықтарды қайта өңдеу кезінде шикізат ретінде пластикалық қалдықтар пайдаланылады.
Қалдықтарды қайта өңдеу инвестициялаудың перспективалы бағыты болып табылады. Егер біраз уақыт бұрын бұл болашақтың «бизнесі» деп саналған болса, бүгінгі күні тек Қазақстанда немесе Орталық Азияда ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша маңызды өндіріс болып есептеледі.