Сыбайлас жемқорлықты жоюда – электронды қызметтің алар орны ерекше. Тұрғындар билікке электронды түрде арыз-шағымдарын жолдап, өздерін мазалаған мәселелерді қысылмай айта алады. Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы халықпен жұмыс істеу өз кезегінде сыбайлас жемқорлықты жоюға бірден-бір себеп.
Осыған орай, бүгін Мақтаарал ауданының аппараттық мәжілісінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жергілікті жерде орындалуы мен алдағы уақытта бағдарлама бойынша іске асырылатын жоспарлар, жобалар және тұрғындарға мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілген қызметтер бойынша атқарылған жұмыстардың барысы тыңдалды.
Аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру, мемлекеттік құпияларды қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Ерлан Тұрымбетов 2018 жылдың 9 айында 90627 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтты. Оның ішінде қағаз жүзінде, тікелей – 19075 қызмет, халыққа қызмет көрсету арқылы – 29400 қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, электронды үкіметтің порталы арқылы жалпы саны 42152 қызмет көрсетіліп, ауданда электронды қызмет көрсету үлесі 46,5%-ды ғана құраған.
Аудан әкімінің аппараты ақпараттандыру, мемлекеттік құпияларды қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы – аудан әкімінің баспасөз хатшысы Д.Аязбеков БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы келіп түсетін арыз-шағымдар жөнінде айтты.
– Жаңадан құрылған Мақтаарал ауданы әкімдігінің WhatsApp (87075896785) қызметі іске қосылып, сервиске түскен арыз-шағымдар мен өтініштерге де шұғыл жауаптар берілуде. Қазіргі таңға дейін тұрғындар тарапынан 12 түрлі мәселелер қозғалып, оның 11-не жауап берілген, – деді Д.Аязбеков.
Енді ауданда халықпен онлайн түрде қарым-қатынас орнату үрдісі дамымақ. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәсілі заман ағымына сай өзгереді.