Жетісайда 125 орындық балабақша пайдалануға берілді

Қысқаша

Жетісайда 125 орындық балабақша пайдалануға берілді

1540812656460626.jpg

Жетісай ауданында даму үрдісі жақсы. Экономикалық-әлеуметтік үздіксіз даму үрдісінде келе жатқан бұл ауданда халық саны жылдан-жылға артып келеді. Нәтижесінде, бала саны да артып, балабақшаға деген сұраныс артуда. Осыған орай, мұнда балабақшалар салу басты назарда тұрған мәселе. 

Бүгін Жетісай ауданы Атамекен ауыл округі Мақташы елдімекенінде 125 орындық балабақша ел игілігіне берілді. Мектепке дейінгі мекеменің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев арнайы қатысып, ауыл халқына қызмет көрсетіп отырған кәсіпкер әулетке алғысын білдірді. Бұл жөнінде аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.  

– Бүгінде Жетісай ауданында 20 мемлекеттік, 137 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Соның бүгін міне 138-ші балабақшасы пайдалануға беріліп отыр. Жалпы ауданымызда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту үлесі 95 пайызға жетіп отыр. Алдағы жылы да бірнеше балабақшаның құрылысын жүргізу жоспарда бар, - деді Жамантай Қанайұлы.

Жалпы құны 35 млн теңгені құрайтын ғимараттың құрылысы 2016 жылы басталыпты. «Нысанды елдің сұранысы бойынша салдым. Өйткені, ауылымызда балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер саны жыл санап арта түсті. Сөйтіп, аудан әкімшілігінен арнайы рұқсат алып, жер телімі бөлінді. Бүгінде 125 баланы тәрбиелеп отырмыз», - дейді жеке кәсіпкер Құттыбек Елтоқов. 

Қазіргі таңда балабақшада 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда тәрбиеленушілерге 5 мезгіл тамақ беріледі. «Гүлсін ана» балабақшасына ата-аналар бір балаға айына 3 мың теңге төлейді. Аудан әкімі ғимаратты аралап көріп, ең бірінші кезекте мекеме басшылығын тамақтың сапасына мән беріп, күтімнің жоғары деңгейде көрсетілуіне мән беруге шақырды.