Сәулетшілер Түркістан қаласының болашақ кескін-келбетін талқылады

Қысқаша

Сәулетшілер Түркістан қаласының болашақ кескін-келбетін талқылады

4.jpg

Туристер тартуда – сәулет өнері зор рөл атқаратыны белгілі. Шетелден келетін туристер ең бірінші саяхаттап келетін елдің өзіндік қолтаңбасы барына, тарихына қызығады. Оларға шыныдан салынған стандартты қалалар соншалықты таңсық емес. Оларға ең бірінші керегі – өздері көрмеген ерекшелік. Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аймақтағы сәулетшілермен кездесті. Басқосуда облыс орталығын дамыту жайы жан-жақты талқыланды. Жиында облыс әкімі орталықтың құрылысы жаңа идеияға сусап отырғанын айтты:

– Қаламызды туристік орталыққа айналдыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға отандық және шетелдік мамандар қатысты. Атап айтқанда, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан елдерінен 42 кәсіби сәулетшілер бақтарын сынады. Бірақ, хаттамаға сәйкес 22 жоба жолданды. Оларға қойылып отырған басты талап, қаладағы жаңа құрылыс сәулет стилі жергілікті ұлттық салт-дәстүрге сай болуы тиіс. Сондай-ақ, қаланың барлық тұсынан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі көрініп тұруы керек. Мұнымен мәселе шешілмейді. Түркістан облысының қарыштап дамуы біздің ерен еңбегімізге тікелей байланысты. Сондықтан, ел ертеңі үшін, балаларымыздың болашағы үшін ортақ жұмыстарды атқарып, жан-жақты қосылуымыз қажет, - деді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Түркістан қаласында Елбасының ұсынысымен бірқатар Ұлттық компаниялар, бизнес өкілдері мен шетелдік инвесторлар 30-ға жуық әлеуметтік және кәсіпкерлік нысан салатынын жеткізді. Одан бөлек, жоба аясында туристер мен жергілікті халыққа қызмет көрсететін мейрамханалар, дәмханалар мен арбаттар салынбақ. Өңір басшысы сәулетшілерді қаланы дамытуға байланысты ұсыныс білдіруге және жарияланған байқауға белсенді қатысуға шақырды.