Сауран қаласы болашақта туристер ағылатын мекенге айналады

Қысқаша

Сауран қаласы болашақта туристер ағылатын мекенге айналады

1540326609333840.jpg

Дамыған мемлекеттің азаматтары тек материалдық құндылыққа емес, рухани құндылыққа зор мән береді. Олар үшін рухани байлықтан асқан бақыт жоқ. Сөзімізге дәлел, олар өнер туындыларын ерекше құрметтейді, оларға өте жоғары баға қояды. Олар әлем елдерін аралап, тарихи жәдігерлерді көруді қалайды. Олар бұдан эстетикалық қуат алады.

Осыған орай, жақында Орта Азия мемлекеттерін зерттеп жүрген атақты француздық ғалымдар Түркістан қаласына келді. Қонақтар әуелі XIV ғасырдың соңында тұрғызылған Қ.А.Ясауи кесенесі мен ондағы жәдігерлермен танысты. Кейін ғалымдар орта ғасырда өзінің берік қамалымен мәшһүр болған Сауран қаласына ат басын бұрды. Ондағы қала тарихы мен шаһардың құрылымы жайлы ақпар алды. Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев әлем ғалымдары қызығып отырған ескі Сауран қаласы болашақта барлық туристер келіп тамашалайтын мекенге айналатынын айтты. Сондай-ақ, Түркістан облысына келетін қонақтарға арнайы туристік бағыттар құрылып, сервистік қызметтер жанданатынын жеткізді.

Еуропаға белгілі этнограф, тарихшы Франсуаз Ленобль бастаған француз ғалымдары одан соң Түркістанда бой көтеретін жаңа ғимараттар мен Қ.А.Ясауи кесенесі айналасында салынатын шығыстық үлгідегі эскиздік жобалармен танысты. 

Сапар соңында шетелдік қонақтар тарих пен қасиетке бай Түркістанның туристер ошағына айналатына сенім білдірді. Сонымен қатар, туристерді тарту үшін насихатты көбейтіп, тарихи нысандардағы ақпараттық жүйелер күшейтілсе, өңірге келетін қонақтар саны артатынын жеткізді.