Қазақстандағы 3-ші мегаполис медициналық туризмді мықтап қолға алғалы отыр, деп хабарлайды Jibek Joly телеарнасы.
Шымкентке туристтер демалып, дәмді ас-ауқат ішу үшін ғана келмейді. Енді мұнда денсаулығын түзетіп, ең мықты деген дәрігерлерден жәрдем алуға болады. Қазірдің өзінде денсаулығын реттеуге Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, тіпті Қытайдан да емделушілер келе бастаған. Әсіресе, кардиология, нейрохирургия және ортопедия бойынша күрделі оталар жасалып жатыр.
Абдулахай Қасымов Шымкентті өзінің екінші рет дүниеге келген жері санайды. Өйткені Тәжікстан азаматы осыдан біраз уақыт бұрын инсульт алып, қатты науқастанып қалған. Душанбедегі дәрігерлері оған ми қантамырларына зақым келгенін айтып, шұғыл операция жасату үшін Қазақстанға баруға кеңес беріпті. Сөйтіп, азамат Шымкентке келген.
— Біз жақта тексеріп, жағдайдың күрделі екенін айтты. Қазақстанға баруға кеңес берді. Хабарластық, келдік — қазір өзімді тамаша сезінемін. Еркін жүріп-тұрамын, ұйқым тыныш, басым айналмайды. Бәрі жақсы, — деді Абдулахай Касымов.
Абдулахайға Шымкенттегі екінші қалалық ауруханасында ота жасалған. Бәрі сәтті өтіп, енді ауруханадан үйіне шығарылып жатыр. Оған операция жасау кезінде қазақ хирургтері аз инвазивті әдісті қолданыпты. Бұл стресті азайтып, тез оңалуға мүмкіндік беретін әдіс деседі.
— Инсульттен кейінгі жағдай миды қоректендіретін тамырлардың аурулары болады. Мальформация, аневризма инсультке әкелетін. Иә, болмаса тамыр бітеле бастайды, бұны атеросклероз дейді. Қиын жерде орналасқан ісіктер болады. Оған жақсы микроскоп, тәжірибелі маман талап ететін жағдайларда ота жасалуы керек. Олар бір-бірінен естіп, таңдау жасайды. Қаншама адам осында ота жасатып кетіп жатыр. Сәтті өтіп жатыр, — деді нейрохирург Марат Құлмырзаев.
Шымкенттегі ақылы медициналық қызметтер — Орталық Азиядағы ең қолжетімді қызметтің бірі. Емделушілер көршілес елдерден ғана емес, сонау Еуропадан да келіп жатады. Біздің мамандар өзімізде ғана емес, сондай-ақ тәжірибесімен алмасып, шетелге де шығады.
— Біздің дәрігерлеріміздің, біздің мамандарымыздың біліктілігі ғой. Соны да біз көтеру үшін екінші жыл қатарынан шетелде оқытып жатырмыз. Былтыр 120 адамды осында келіп оқытқан. Биылғы жылы да 120-130 адамды оқытамыз, мастер класпен де шығады. Өйткені барып тәжірибе көрген де дұрыс деп жатырмыз, — деп атап өтті Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Осылайша Шымкент медициналық туризм бағытында нағыз көшбасшыға айналуға үмітті. Қанша жерден сынаса да, қазір жалпы Қазақстан медицинасына деген сенім біршама артып келеді. Бұл қуантатын жағдай. Оған Қазақстанға келіп сауығып, үйіне қайтып жатқан туристтердің алғысы дәлел.