ҚР Экология министрлігі мен Қазгидрометтің жаңа деректері де көңіл көншітпейді: қалалардың кейбірі ауасының ластығы бойынша бір орында тапжылмай тұр, енді бірі өте жылдам солардың қатарына қосылып жатыр. Осыған дейін антирейтингтің басында тұрған Өскемен мен Теміртау біріншілікті бүгінде Астанаға берген деп жазады ҚазАқпарат.
Қазгидрометтің ақпаратына сәйкес, соңғы бес жылда ауаның ластануының тұрақты жоғары деңгейі Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Теміртау, Өскемен және Астанада тіркелген. Ауа сапасының нашарлауына өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары, жылу электр орталықтарының жұмысы, ескірген тазарту қондырғылары және автомобиль себеп. Осыған байланысты, мысалы, елордада ауа PM-2,5 және PM-10 бөлшектерімен, көміртегі оксидімен және азот диоксидімен уланған. Қарағанды, Теміртау және Өскеменде оларға күкірт диоксиді, аммиак, күкіртсутек, фенол және басқа да зиянды қосылыстар қосылады.
2025 жылдың ақпаны бұған дейінгі антирейтингті тағы бір мәрте растады. Ластану деңгейі «өте жоғары» қалалардың тізіміне Алматы, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Талғар және Сәтбаев кірді. «Ластанудың жоғары деңгейі» санатына Астана, Өскемен, Түркістан, Жітіқара, Құлсары, Жаркент және Кеңқияқ кенті енді. Ал «ластану деңгейі жоғары» елді мекендердің ішінде Ақтау, Ақтөбе, Семей, Петропавл, Шымкент және тағы 16 қала болды.