Қазақстанда ет бағасының күрт өсуіне негіз жоқ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтты.
Вице-министр былтырдың қорытындысы бойынша 1,1 млн тоннадан астам сиыр еті мен қой еті өндірілгенін, бұл көрсеткіш ел ішіндегі сұранысты толық өтейтінін атап өтті.
— 2024 жылдың қорытындысына қарасақ, өндіру көлемі шамамен 4 пайызға, оның ішінде сиыр еті 2 пайыздан астам деңгейге өсті. Бұл бағыттағы іс-шаралар халықтың етке деген сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді, сондықтан ет бағасының өсуіне негіз жоқ, - деді Е. Кенжеханұлы Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, ет бағасының көтерілуіне Өзбекстан жағынан болған жоғары сұраныс әсер еткен.
- Бірақ соңғы аптада байқағанымыздай, баға тұрақтанды және қазір өсімнің басқа факторларын көріп тұрғанымыз жоқ, - деді вице-министр.
Сонымен қатар ол қазіргі кезде мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыруды бөлу қарастырылып жатқанын атап өтті.
- Бұл қадамдар елімізде ет өндіруді одан әрі ынталандырады. Қазір сиыр етінің бағасы келісіне шамамен 2700-3000 теңгені құрап тұр», - деді Ермек Кенжеханұлы.
Бұған дейін хабарланғандай, вице-министр елімізде сәбіздің жаппай бүлінуі деректері анықталмағанын мәлім етті.