Шымкентте Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары биыл аяқталады, деп хабарлайды 24kz. Бұл – мегаполистегі ең ұзын және ең қымбат жол жобасы. 2018 жылы 32 млрд теңгеге бағаланған жоба уақыт өте келе 36,4 млрд теңгеге дейін өсті. Себебі құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында көптеген қиындықтар туындады. 500-ге жуық жеке тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандары мемлекет меншігіне өткізу керек болатын. Тұрғындардың 80%-і келіскенімен, 20%-і қарсы шықты. Іс сотқа жолданып, ұзақ жылдарға созылды. Осы аралықта бюджет қаржысын талан-таражға салғандар да анықталды. Прокуратура 747 млн теңгенің мердігерлерге заңсыз аударылып кеткенін анықтады. Бірақ әкімдік бұл қаражатқа құрылыс материалдарын сатып алғанын, бірақ мердігер тапсырманы орындамағандықтан, онымен келісімшартты бұзуға мәжбүр болғанын мәлімдеді.