Сайрамда тарихи мекендер назардан тыс қалмайды

Қысқаша

Сайрамда тарихи мекендер назардан тыс қалмайды

Screenshot_5.jpg

Кезінде Ханқорғанға қазба жұмыстарын жүргізуге себепкер болған Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Жансейіт Түймебаев осы қалашықтың маңызына тоқталған еді: 

- Біз Ханқорған қалашығын аралап көріп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын облысымызда жүзеге асыру мақсатында жиналып отырмыз. Облысымызда есепке алынған тарих пен мәдениет үшін маңызы зор 1281 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Оның ішінде сәулеттік ескерткіштер 218, археология ескерткіштерінің саны 1063-ті құрайды. Осы тарихи орындарымызға кезең – кезеңімен археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтіріуіміз қажет», - деді өңір басшысы. Облыста туризм саласын дамыту мақсатында жергілікті өңірлер бойынша тарихи орындарды қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама дайындалып, кезең – кезеңімен іске асырылды. Бірінші кезекте Қазығұрт, Ордабасы тауларын, ортағасырлық Отырар, Оқсыз, Сауран, Сидақ, Мәртөбе, Ханқорған қалашықтары, Жуантөбе, Қараспан, Күлтөбе сияқты ежелгі елді мекендеріне археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, бүгінде жойылып кеткен археология және сәулет ескерткіштеріне жататын Қошқар ата, Керуен сарай, Созақ ауданындағы Жүсіпбек, Жәкел датқа кесенелерін және тағы басқа да тарихи нысандарды да қалпына келтіру жұмыстарын жүргізілмек.

Осы орайда күні кеше Ханқорған қалашығының бүгінгі жай-күйімен танысуға арнайы делегация келді. Нақтырақ айтқанда, бұл делегация «Amanat»  партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы «Мәдениеті мен тарихы бай аймақ» бағыты бойынша өлкетану экспедицияларын өткізу, киелі мекендерді абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарын бақылау мақсатында құрылған. Партияның сайлауалды бағдарламасында айрықша мән берілген бағыт аясында Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, белгілі ғалым, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гаухарбек Тілеуқұлов, белгілі жазушы, журналист, тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүрген Шойбек Орынбай, сазгер, Мәдениет қайраткері Сейдулла Темірбаев, жазушы, журналист Жәмила Мамырәлі, ақын Дәурен Айманбет, Сүндет Сейітовтертен құрылған экспедиция тарихи мекен туралы ақпарат жинады.