Қыстың қамы: Тұрғын үйлердің 91 пайызы жылыту маусымына дайын

Қысқаша

Қыстың қамы: Тұрғын үйлердің 91 пайызы жылыту маусымына дайын

Screenshot_3.jpgЕліміздің солтүстік өңірлерінде қыркүйектің соңында жылыту маусымы басталады. Ал ауа температурасы плюс отыздың о жақ, бұ жағында болып тұрған шымкенттіктер үшін қысқа дайындалуға әлі уақыт бар. Яғни жылу беру жұмысы жүктелген жауапты мекемелер үшін бұл айдың әр күні қымбат болуы тиіс. Бұл орайда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар нысандарды аралап, дайындық жұмыстарын пысықтады.

Жауапты мекемелердің берген мәліметіне сенсек, қаладағы 1987 көпқабатты тұрғын үйдің 91 пайызы жылыту маусымына дайын. Ал 484 бюджеттік мекемеден бүгінгі күнге дайындалғаны 480 нысан (99%), дайындық жұмыстары жалғасуда. Аталмыш мекемелер отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Қала тұрғындарының көмірге қажеттілігі 66 мың тонна, бүгінге дейін қалаға 100,8 мың тонна көмір тасымалданған, қоймаларда 35 мың тонна көмір қоры бар. Инфрақұрылым жүйелерінің дайындығы 90 пайызды құрап отыр. Қала әкімі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша аяқталмаған жұмыстарды тездетіп бітіріп, құбырларды жаңартуда орын алған кемшіліктерді реттеуді, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің дайындығын тексеріп қосымша баяндауды тапсырды. Маусымға дайындық жұмыстарын мамандар қыркүйектің соңына дейін аяқтауы тиіс. Қыркүйек айының алғашқы аптасы ыстық болғанымен, ауа райы кез келген уақытта құбылуы ғажап емес. Яғни қол қусырып қарап отыруға болмайды. Шаһардағы әлеуметтік мекемелер мен көп қабатты үйлердің жылу жүйесін қысқа дайындау – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Қаланың қысқы мезгілге дайындығын пысықтаған қала әкімі «Қуатжылуорталық-3» МКК-інде болды. Нысандарды тексеру барысында аталған мекемеге қарасты 838 шақырымдық құбырдың 80-ге жуығында ақау анықталған болатын. Қазіргі таңда барлығы толық ретке келтіріліпті. Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінің тұтынушыларын жылу қуатымен «ТЭЦ-3» мекемесі қамтамасыз етеді. Оның ішінде көп қабатты 836 үй, 51 білім, 8 денсаулық сақтау, 4 құқық қорғау органдарының нысаны бар. Сонымен қатар «ОНС-Моторная» сорғы станциясына барған қала әкімі мұндағы жөндеу жұмыстарымен танысып, тиісті сала мамандарымен дайындық жұмыстарын талқылады. «ОНС-Моторная» сорғы станциясы 2007 жылы қолданысқа берілген. Мұнда 2 дана Д-1250-125YXЛ 3,1 маркалы және 3 дана СЭ-2500-180-10 электрсорғылары орнатылған. Күрделі құрылғылардан құралған нысанның жылыту маусымына толық дайындығының маңыздылығына тоқталған шаһар басшысы сала мамандарының өз жұмысына деген жауапкершілігіне сенім білдірді. Мекеменің жалпы жылыту маусымына дайындығын пысықтап, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Тозығы жеткен жылу жүйелерінің жаңартуда биыл 19,4 шақырымға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 17,8 шақырымы біткен, бұл 92 пайызды құрайды. Соның ішінде Толстой–Адырбеков көшелерінде 357 метр жылу құбыры ауыстырылуда. Бүгінде оның 267 метрі аяқталса, қыркүйек айының соңына дейін толық ауыстырылып бітпек. Ал Адырбеков-Жібек жолы көшесінде ұзындығы 4 шақырымды құрайтын магистралды жылу құбырын ауыстыру жұмыстары биылғы маусым айында басталған. Қазіргі уақытта жалпы жұмыстың 40 пайызға жуығы аяқталса, толығымен 2023 жылы бітпек. Нәтижесінде жылу құбырының тозу деңгейі төмендеп, 450-ден астам көп қабатты үй сапалы және тұрақты жылумен қамтылатын болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, көп қабатты тұрғын үйлердің 91 пайызы жылу беру маусымына дайын, яғни бұл үйлер толық сығымдаудан өткен. Аудандар бойынша тарқата айтсақ,  Абай ауданындағы 419 үйдің 377-сі дайындалған, қалғаны 42 үй (90%);  Әл-Фараби ауданы – 613 үй, дайындалғаны – 552, қалғаны – 160 үй (90%);  Еңбекші ауданы – 533 үй, дайындалғаны – 485, қалғаны 48 үй (91%);  Қаратау ауданы – 422 үй, дайындалғаны – 389, қалғаны 105 үй (93%).  Дайындық жұмыстарын тұрғындармен келісімшарт жасасқан коммуналдық мекемелер жүргізуде. Өткен жылдардағы жылу беру маусымы көрсеткендей, дайындық жұмыстары мерзімінде жүргізілген көп қабатты үйлерде ақаулар орын алмаған, тұрғындар сапалы жылумен қамтылған. Үй ішіндегі жылыту батареялар іші су өткізу көрсеткіші маңызды. Тозығы жеткендерін ауыстыру, ішкі құбырлардың жылу өткізгіштігін тексеру тұрғындардың (ОСИ, ПТ) жауапкершілігінде. Жауапты мамандар көп қабатты тұрғын үйлердің орталық магистралдан келген жылуды толық пайдалану көрсеткіші, тұрғын үйдің ішкі жүйесінің тазалығына байланысты екенін айтап, тұрғындарды қыс маусымы дайындығына назар аударуға шақыруда.

Қыстыңгүні электр қуатының сөнбеуі, «көгілдір отынның» тұрақты әрі сапалы берілуі де маңызды. Бұл орайда Шымкент қаласы Солтүстік саяжай тұрғын алабында сапалы электр желісі іске қосылғанын айта кетелік. «Шымкенттің 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары қабылданған. Соған сәйкес, халықты ауыз су, сапалы электр қуаты, табиғи газ және жолмен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Әсіресе, шеткі шағын аудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге басымдық беріп отырмыз. Мәселен, осы Солтүстік саяжай тұрғын алабына өткен жылы ауыз су берілсе, міне, биыл электр желісі іске қосылуда. Қазір табиғи газ құбырлары да тартылуда. Оның құрылысы келесі 2023 жылы аяқталады», – деді тұрғындардың қуанышымен бөлісуге келген қала әкімі Мұрат Әйтенов. Солтүстік саяжайда бүгінде 26 мыңнан астам адам өмір сүруде. Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған болатын. Мұнда 4 500-ден астам электр бағаналары және 70 трансформатор орнатылып, 198 шақырым электр желісі тартылған. Сондай-ақ, электр тарату станциясы да іске қосылды. Енді мұнда абоненттеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде халықты сапалы электр қуатымен қамту мақсатында 16 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қалада сапалы электрмен қамту көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға дейін өседі.

Сондай-ақ Қаратау ауданына қарасты Азат шағын ауданына көгілдір отын желісі жеткізілді. Мұнда жалпы ұзындығы 9 шақырымға жуық табиғи газ құбыры тартылып, нәтижесінде 519 абонент газ тұтынады. Алғашқы газды қосу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов, әкімнің орынбасары Мақсұт Исахов, Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов, «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің Шымкент қалалық филиалының өкілдері қатысты. Жергілікті тұрғындар шаһар басшысы бастаған жауапты мамандарға аудандағы инфрақұрылымды жақсартудағы жұмыстар үшін алғысын айтты. Қала әкімінің мәлімдеуінше, «ҚазТрансГаз» мекемесіне газды тұрғындарға жылу маусымы басталғанша қосу тапсырмасы берілген. Осы арада айта кетелік, жылдың соңына дейін тағы 7 елді мекенге газ беріледі. Келесі жылы Шымкент тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 90 пайызға жеткізу жоспары бар. Ал жалпы 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайыз орындалмақ. 

Жол құрылысы барысындағы ақаулар азайған

Қыс келді дегенше, құрылыс жұмыстары оның ішінде жол құрылысы баяулайтыны мәлім. Жауын-шашында салынған жол сапасын қатаң технологиялық қадағалау маңызды. Қаланың ішкі көшелерінде салмағы 20 тоннадан асатын жүк көліктерінің жүруі жолдың сапасына нұқсан келтіреді. Себебі қала орталығындағы жолдар тек 13 тонна салмаққа есептеліп салынады екен. Бұл туралы үш жылда атқарған жұмыстары бойынша есеп берген ИИДМ «Жол активтрі сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар Дүйсембеков мәлім етті. 

«2019 жылдың наурыз айында Үкіметтің қаулысы бойынша құрылған «Ұлттық сапа орталығының» басты міндеті – үш бағытта жұмыс істеу. Біріншісі – жол жөндеу жұмыстары, сараптама жасау және де жол құрылыс материалдарына сараптама жасау, екіншісі – автомобиль жолдарына диагностика жасау, үшінші –ведомствалық сараптама жасау. Осы уақытқа дейін филиал білім басқармасымен бірлесіп, болашақ жол құрылысы мамандарын дайындау мақсатында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. 2020 жылы 50-ге жуық мектеп қамтылса, 2021 жылы қаламыздың барлық мектептерінде (135 мектеп) кездесулер ұйымдастырылды. Ал 2022 жылы 70-ке жуық мектепте кәсіби бағдар беру жұмысы жүргізілді», – деді М.Дүйсембеков. Үш жылда сынақ зертханасы 745 сараптама өткізіп, 1 632 ақауды анықтаған. Оның ішінде өрескел ақаулар саны – 150. Филиал қызметкерлері «Сапалы жол – адалдық алаңы» кеңсесімен бірлесе отырып, жол сапасына қатысты заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында 24 рейд ұйымдастырыпты. Биыл 205 нысанға рейд жүргізіліп, нәтиежелері бойынша 198 кемшілік пен ақаулар анықталған. Бұл жол белгілерінің беріктігі сәйкес келмеуі, бетонның сапасы сияқты ақулар. Сыналған 780 құрылыс материалының 556-сы талапқа сай келмейтіндігі белгілі болған. Сонымен қатар, орталық тарапынан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен және Жол-көлік колледжімен болашақ жол мамандарына бағыт-бағдар беру мақсатында меморандум түзіліп, тұрақты түрде іс-шаралар өткізіледі. Үш жылдың ішінде 9 студент ақылы өндірістік тәжірибеден өткен, қазіргі таңда М. Әуезов атындағы ОҚУ түлегі сынақ зертханасында қызмет атқаруда. Сондай-ақ «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК «Жол балалдардың көзімен» атты балалар байқауын өткізіп келеді. Үш жылда 580 туынды ұсынылыпты. 

Директор келтірген деректерге қарағанда, Шымкентте жол құрылысы барысында кемшіліктер азайған. Құрылыстың сапасыз орындалуы техникалық бақылаушылардың жұмысына салғырт қарауынан екен. Тексеріс барасында жыл сайын 8-10 техбақылаушыға айыппұл салынып, өрескел ақаулары үшін лицензиясынан айырылған.  «Біздің жолда қызметі өте маңызды, бірақ жұмыс істемей жатқан ол – техникалық бақылаушылар. Олардың міндетіне кіріспе тексеріс кіреді. Олар құрылыс материалдарын құрылысқа келмей жатып тексеру керек. Құрылыс жүріп жатқан кезде әрбір асфальттың температурасын, катокты тексеру керек. Өкінішке орай, бірде-бір техникалық бақылаушылар міндетін дұрыс атқарып жатқан жоқ», – дейді Мұхтар Дүйсембеков. Дегенмен биыл Шымкент қаласында жол құрылысы барысындағы ақаулар саны азайған. Өткен жылы «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» тексеріс жүргізуі кезінде 180 объектіден 307 ақау анықталған болса, биыл 8 айдың көрсеткіші бойынша 198 кемшілік белгілі болды. Тексеріс кезінде көбіне жол жиектемелері, бетонның сапасыз құйылуы мен жолбелгілерінің дұрыс қойылмауы сынды қателіктер орын алған.  «2021 жылы ұлттық сапа орталығына 100 млн ақша бөлінген болатын. 180 нысан болды құрылыста. Оған 291 рет барып, 307 кемшілік пен ақау анықталды. Биыл да 100 млн ақша бөлінді. 205 нысанға бардық. 198 кемшілік анықталды. Яғни ақаулар азайып жатыр», – дейді филиал директоры. Бұл саладағы тағы бір маңызды мәселе – жол құрылысы мен сапасын зерттеушілер арасындағы кадр тапшылығы. Проблеманы шешу үшін айтулы орталық бүгінде ЖОО студенттерін арнайы практикадан өткізіп, зертханаларда еңбекке баулып жатқан көрінеді.

"Рейтинг" газеті, қыркүйек, 2022 ж