Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы тексеру нәтижесінде Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында түрлі заңға сай келмейтін жайттар анықталғанын жария етті. Маманның мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорына 8 рет жалпы сомасы 650 миллион теңгеге ұн сатып алған. Антикор анықтаған жайтта сатып алынған ұн келесі күні дәл сол кәсіпкерге әлдеқайда арзанға қайта сатылған. Мамандар анықталған кемшіліктердің бағаға ешқандай әсер етпейтінін мәлімдеуде.
Жалпы үш жыл ішінде Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Шымкент» ӘКК арасында тұрақтандыру қорын қалыптастыру бойынша қызметтерді сатып алу үшін бюджеттен 5 млрд 700 млн теңге жұмсалып, 5 келісімшарт жасалыпты. Айтайын дегеніміз антикор анықтаған кемшіліктер емес, ауыл шаруашылығы Шымкент қаласы әкімдігінің басты назарында тұрғаны жайлы еді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары да мегаполисте тұрақты жалғасып келеді. Осы мақсатта бүгінгі таңда кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат берілді. Қаланың бірнеше аумағында азық-түлік жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Жәрмеңкеде өнімдер базар нарқымен салыстырғанда бірнеше пайызға төмен бағада жергілікті халыққа ұсынылады. Сонымен бірге наубайханалар жеңілдетілген бағада ұнмен қамтамасыз етіліп отыр. Өңірлік тұрақтандыру қорына 7,7 млрд теңге қаралып, сол сомадан ірі сауда желілеріне және жергілікті тауар өндірушілеріне 7 млрд теңгеге айналымға қарыз қаражат берілген. Келісімшарттар негізінде 40-қа жуық сауда желісі мен әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бекітілген бағада сатылуда. Бұдан бөлек, жергілікті ұн өндіруші кәсіпорындар «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы бекітілген бағада ай сайын бидаймен қамтамасыз етілуде. Бұл шаралар бірінші сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нан бағасын тұрақты ұстап тұруға көмектеседі. Қант нарығындағы қалыптасқан жағдайға байланысты, ішкі нарықта құмшекердің тапшылығын болдырмау және бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында да жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мысалы, өңірлік тұрақтандыру қоры аясында «Magnum Cash&Carry» және «GraMad» сауда желілерінде қантты 480 теңгеден сатып алуға мүмкіндік қарастырылған. Бұдан бөлек, «Каис Инвест» қант орталығынан ірі азық-түлік сауда желілері мен базарларға қант 20 тоннадан, ал өндіруші кәспорындарға 30 тоннадан 480 теңге бағамен күнделікті босатылып жатыр. Құмшекер тапшылығы мен спекуляцияны болдырмау мақсатында, тұтынушыларға базарда 3 килодан, сауда желісінде 2 килодан аспайтын шектеу қойылған.
Өңірлердің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақсатында Президент Жарлығымен бекітілген Ұлттық жоба аясында үшінші мегаполисте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметтеріне қарағанда, мегаполистің егістікке жарамды – 39,5 мың гектар жерінің 30 мыңнан астам гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Негізінен дәнді, майлы дақылдар, көкөніс пен бақша өнімдері, картоп және жүгері егілген. Басқарма басшысы А.Жанбатыровтың баяндауынша, алты айда 40,7 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Оның тең жартысынан астамы, яғни 18,5 мың тонна дәнді дақыл, 0,4 мың тонна майлы дақыл, 41,5 мың тонна көкөніс, бақша, 3,1 мың тонна картоп және 14,5 мың тонна мал азықтық дақылдар жиналған. Мегаполистегі егістік аумағы негізінен қалаға қосылған ауылдар есебінен ұлғайған. Тиісті сала мамандары егістікті тиімді пайдалануды және заман талабына сай агротехнологиялық тәсілдерді игеру арқылы еңбек өнімділігін көтеруді көздеп отыр. Бұл орайда жыл бойы өнім беретін, қаланы қысы-жазы жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз ететін әрі мегаполистің ауыл шаруашылығы экспортындағы әлеуетін арттыратын өндірістік мақсаттағы жылыжайлардың алар орны ерекше. Бүгінде 25 гектар жерге өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы қаладағы 195 гектар жылыжай кешендерінде шамамен жылына 25-30 мың тонна өнім өндіріледі. Алынған көкөністер ішкі нарықпен бірге Ресейге де жөнелтіледі. Мемлекет тарапынан жылыжайда өнім өсіретін шаруаларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, құрылыс нысанын салуға кеткен шығынның 25 пайызы инвестициялық субсидиялау мемлекеттік бағдарламасы есебінен өтеледі. Қала іргесіндегі Мәртөбе елді мекені аумағынан 198 гектар жер белгіленіп, жылыжайлар кешені бой көтеретін агроиндустриалды аймақ салынбақ. Бүгінде жер учаскелерін түгендеу, мемлекет есебіне алу бойынша құжаттық жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге агроиндустриалды аймақта 6 жоба жүзеге асырылмақ. «Отан Агро» мен «Байтана» компаниялары жерді тегістеп, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Бұдан бөлек, жылыжайда өнім өндірген шаруаларға мемлекеттік қолдау аясында алынған минералды тыңайтқыштар мен тұқымға субсидия қарастырылған. Бұған қоса екінші деңгейлі банктерден және өзге де қаржы ұйымдарынан алған 15 пайыздық несиенің 9 пайызын шаруа өзі төлесе, қалғаны сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы бойынша мемлекет есебінен өтеледі. Биылдың бірінші жылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 млн АҚШ долларына артты. Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,3 млрд теңгені құрады. Тек тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өсті. Қала әкімі М.Әйтенов сала басшылығына азық-түлік бағасына үнемі бақылауда ұстап, ет өнімдерін арттыруға бағытталған шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырғанын айта кетелік.
Ет демекші, мегаполистің мал шаруашылығында да ілгерілеу бар. Мысалы, жалпы құны 10,6 млн теңге болатын 8 жобаны іске асыру және соның аясында 229 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Статистикалық мәліметке қарағанда, қаладағы жеке қосалқы шаруашылықтар мен ірілі-ұсақты агрокомпаниялар өз иеліктерінде 79,8 мың ірі қара, 77,2 мың қой мен ешкі, 16,2 мың жылқы, 725,1 мың құс бағып отыр. Агроөнеркәсіп саласында алдын ала бекітілген жылдық жоспар 44 млрд теңге болса, биылғы бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 16,9 млрд теңгеге жетті. Ал ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн доллар болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 28 млн долларға артты. Бұл Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаның ішіндегі АӨК өнімдерінің экспортын 2019 жылғы деңгейге қарағанда 2 есеге ұлғайту индикаторына сәйкес жүзеге асырылуда. Осы бойынша биылғы жоспар 309,7 млн долларды құрап отыр.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметтеріне қарағанда, бүгінде ауыл шаруашылығы саласында 6,6 мың адам еңбек етуде. Бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі – 2 млн 366 мың теңгеге жеткен. Өсім көрсеткіші 107 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 1,2 млрд теңге болды. Жалпы жоғарыда аталған Ұлттық жоба шеңберінде биыл мегаполистің агроөнеркәсіп кешеніне 6,4 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Биыл агросалада құны 11 млрд теңгені құрайтын 14 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл орайда сүтті және жеміс пен көкөністі қайта өңдеу саласында 4 жоба іске асырылмақ. Олардың жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Ұлттық жобада белгіленген міндеттерді орындаудың нәтижесінде мегаполистің ауыл шаруашылығы саласында жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, көкөніс өндіру – 2 мың тоннаға, сүт өндірісі – 8,5 мың, жеміс-көкөністерді сақтау – 13 мың тоннаға, өндірілген жұмыртқа – 125 млн данаға, сүтті қайта өңдеу көлемі – 2,7 мың, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғайып, жеміс пен көкөністерді консервілеу 6 млн банкаға жетеді деп күтіліп отыр. Сала мамандарының айтуынша, тұрақтандыру қорынан өзге мегаполис аумағында тамақ пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірумен айналысатын кәсіпорындар жетерлік. Мәселен, олардың қатарында «Шымкент май» АҚ, «Алтын Дән» ЖШС, «Барыс-2007» ЖШС, «Шымкент құс» ЖШС, «Шымкент сүт» ЖШС секілді атап өтуге лайықты ірі кәсіпорындар бар. Бұл кәсіпорындар қаланы макаронмен (27 мың тонна), күнбағыс майымен (76,5 мың тонна) және тауық жұмыртқасымен (158,6 мың тонна) толық қамтамасыз етіп келеді.
Сондай-ақ қала аумағында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері сауда логистикалық орталықтары арқылы экспортқа жіберіледі. Жергілікті әкімдік жалпы құны 8 млрд теңге болатын 5 көкөніс сақтау қоймасын және ауданы 18 гектар болатын көтерме-тарату орталығын құруды көздеуде.