Әне, міне дегенше сарғайған күзбен жаңа оқу жылы да басталғалы тұр. Ал Шымқалада білім ошақтары оқушыларды қабылдауға қаншалықты дайын және жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болмақ? Осы және білім саласындағы өзгерістер туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева қала әкіміне берген есебінде баяндап берді.
Шаһардың бас ұстазының айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы 577 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 88 429 баланың – 88,6%-ы мектепке дейінгі білім беру ұйымымен қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 53 558 бала – 100%, 2-6 жас аралығындағы 76 416 баланың 89,3%-ы (68 254 бала) қамтылған. Екі балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы қаралыпты. 28 балабақша ашу (2 480 орынға) жоспарланып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік балабақшаларға толығымен бейнебақылау жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.
Биыл 1-сыныпқа 28 мың бала қабылданады деп күтілуде. 2022 жылы оқушыларды қосымша біліммен қамту – 77,1% жоспарланған. 11 қосымша білім беру ұйымдары және 17 аула клубтары және мектепішілік түрлі үйірмелерде қала оқушылардың 76%-ы қосымша біліммен қамтылған. Оның ішінде жан басына қаржыландыру есебінен 32 000 бала қамтылуда. 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылған. 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз карточкалық жүйеге өткізілді.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін 1 ПМПК, 1 ППТК ашу үшін тиісті құжаттамалары ресімделуде. 122 логопункт кабинеттері, қосымша 46 логопед штат бірліктері, 126 мектеп жанынан медиация кабинеті ашылған. «Өткен жылы 25 мектеп жаңадан ашылып, Шымкенттегі білім ұясының саны 203-ке жеткен еді. Ал биыл жыл соңына дейін 24 мектеп ашу жоспарланып отыр. Оның 4-уі мемлекеттік. Сонымен қатар, 2021 жылы 25 мың бала 1-сыныпқа қабылданған болатын. Жаңа оқу жылында 28 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Оның 98 пайызға жуығы бүгінде құжатын тапсырып үлгерді», – деді Жанат Арысбекқызы.
Жаңа оқу жылының басты жаңалығының бірі – мектеп формасының нақтылануы. Яғни, бұған дейін мектеп формасының түсін әр білім беру мекемесі өзі таңдауға құқылы болса, биыл әр өңірге біртүсті форма белгіленіп отыр.
– Жыл сайын оқу жылы қарсаңында көп талқыланатын тақырыптың бірі – мектеп формасы. Мектеп формасының түсін биыл әр мектеп емес, өңір таңдайтын болды. Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киеді. Бұл мектеп ауыстыратын оқушылар үшін де тиімді. Енді ата-ана баласы мектеп ауыстырғаны үшін жаңа форма алуға мәжбүр болмайды. Мектеп формасына әр мектептің эмблемасын тағуға ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар, биыл 56 586 ата-анадан бір реттік мектеп формасымен қамтамасыз етуге өтініш түсті. Талапқа сәйкес, жергілікті бюджеттен әр балаға мектеп формасы үшін 35 мың теңгеден қаржы қаралып отыр, – деді Ж.Тажиева.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қазір балабақшаларды лицензиялау тетігі қарастырылып жатыр. Брифингте бұл жөнінде толығырақ Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиева айтып берді. «Мектепке дейінгі білім ұйымдарын лицензиялау жұмыстары тиісті құжаттар қабылданған соң, 2024 жылы бастау алуы мүмкін. Лицензиялау ешқандай кәсіпкерліктің, яғни меншік иесінің құқығын шектемейді. Бұл балаларды сапалы біліммен және жайлы ортамен қамту үшін жасалған қадам ғана. Яғни, жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар толығымен лицензиялаудан өтеді»,– деді департамент басшысы.
Мамандардың айтуынша, лицензиялау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Бірінші кезекте жаңадан ашылған балабақшалар, екінші алғашқы мемлекеттік аттестациялаудан өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар, үшінші жұмыс істеп тұрған барлық балабақшалар өтеді. Еске сала кетейік, Шымкентте 505 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 72-сі мемлекеттік.
– Балабақшаларды лицензиялау жұмысы туралы ақпаратты дұрыс түсінбей отырған ұйымдар да баршылық. Алайда, балаға қауіпсіз орта қалыптастырып, жертөледе немесе жарықсыз ғимаратта балабақша ашып отырғандардың жұмысын шектеп, сапаны арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, биыл елордада балабақшаларды ваучерлік жүйе арқылы қаржыландыру бойынша пилоттық жоба енгізілді. Мұнда ата-аналарға баласына сапалы білім беретін балабақша таңдау құқығы беріліп отыр. Шымкентте қыркүйек айынан бастап 10 балабақшаға ваучерлік қызметті енгізу жоспарланған, – деді Жанат Арысбекқызы.
Қала әкімі есептік жиналысты қорытындылай келе оқулық жетіспеушілігінің алдын алу, эпидемиялогиялық жағдайға байланысты оқу түрлеріне дайын болу, педагогтардың бейінділігін реттеу секілді бірқатар тапсырмаларды жүктеді.