Шымкентте қазір құрылыс қарқыны жоғары. Әсіресе, тұрғын үй саласында. Мәселен, жыл соңына дейін 31 кредиттік, 20 арендалық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев 6 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланған брифингте осы және өзге де жаңалықтарды мәлім етті.
«Шымкент қаласында тұрғын үйге сұраныс өте жоғары екендігі ескеріле отырып, биыл 2 972 пәтері бар 51 тұрғын үй салынуда және жылдың аяғына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр»,– деді спикер. Шымқаланың бас құрылысшысының айтуынша, басқармасы тарапынан 2022 жылы бюджет есебінен шаһарда 56,8 млрд теңгеге 90 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда бөлінген қаржының 41,5 пайызы игеріліпті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында инженерлік-инфрақұрылым тарту бойынша 15 нысанның құрылысы жоспарланған. Тұран шағын ауданында – 5, Бозарық шағын ауданында – 6, әкімшілік- іскерлік орталығы аумағында – 2, Жаңаталап тұрғын алабында – 2 жоба жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады. Қазіргі таңда жеке инвесторлардың жобаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, қалада білім нысандары да көптеп салынуда. Жоспарға сәйкес, биыл 8 мектеп, колледж, оқушылар сарайы және балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізіледі. Басқарма басшысы жыл соңына дейін 5 мектеп, колледж және балалар шығармашылық орталығы пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Әлеуметтік бағыттар бойынша биыл 13 нысанның (4 спорт, 3 мәдениет, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру, биотермиялық шұңқыр және денсаулық сақтау нысаны) құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін саябақ, 2 спорт, өрт сөндіру нысаны және биотермиялық шұңқырдың құрылысын аяқтау жоспарланған.
Құрылыстың саны емес сапасы маңызды екені анық. Осы ретте азаматтар тарапынан тұрғын үйдің сапасына қатысты шағымдар түсіп жатады. Әбілсейіт Байсейітұлы ендігі кезекте құрылыстың сапасына аса мән берілетінін айтты. Бұл мақсатта мамандардың біліктілігін арттыруда тиісті жұмыстар қолға алыныпты. «Егер жауапты мердігер мекеме жүргізген құрылыстың сапасына қатысты сын, шағымдар айтылса, біз өз тарапымыздан ақаулықты орнына келтіру бойынша тиісті шешімдер қабылдаймыз. Бізде мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша бес жылдық келісімшарт жасалады. Басқа өңірлермен салыстырғанда, кепілдеме мерзімінің ең ұзағы да біздің қалада. Яғни, бес жылда қандай да бір ақаулар пайда болса, мердігер компания оны өзінің есебінен жояды. Егер де мердігер мекеме өзінің жұмысын дұрыс ұйымдастырмаса, сапаны қатамасыз етпесе, бес жылдың ішінде шығынға ұшырайды. Міне, соңғы кездері мердігер компаниялар да осы қағиданы түсінді. Мәселен, Тұран шағын ауданындағы көп қабатты үйлерден біршама ақаулар анықталды. Бұл мәселеде тұрғындар тарапынан арнайы штаб құрылды. Ақаулар негізінен, есік-терезе, линолеум төсеу, әрлеу, қасбет жұмыстарына қатысты. Қазіргі таңда ақаулардың 85 пайызы толығымен жойылды»,– деді Ә.Рабаев Басқарма басшысының мәлімдеуінше, жыл басынан бері келісімшартқа сәйкес талаптарды орындамаған мердігер мекемелерге 42 млн теңгеден астам айыппұл салынған.