Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» Жарлығына сәйкес Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жыл басынан бері тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізіпті. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 сұрақ пен ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і оң шешімін тапқан. Тағы 316 мәселе жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал 184 мәселе ұзақ мерзімді шешуді қажет ететіндіктен, 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізіліпті.
Өткен аптада қала әкімі Абай және Әл-Фараби аудандарының тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Онда Мұрат Дүйсенбекұлы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап, тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуі жайлы сөз қозғады.
– Халықпен кездесулер өткізудің 2022 жылға арналған күнтізбесі бекітіліп, тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізілуде. Бұл жаңа әдістің қажеттілігі мен тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Мысалы 2022 жылдың I жартыжылдығында Абай ауданы тұрғындарымен 18 елді мекенде 63 кездесу өтті. Онда 216 мәселе көтеріліп, бүгінде оның 86-сы шешілді, 97-сі орындалуда. 36 мәселе екі жылдық жоспарға енген. Әрбір мәселе ауданда құрылған Қоғамдық бақылау кеңесімен мақұлданып, зерделеніп отырды. Халықпен кездесу барысында ауыз су, табиғи газ, кәріз бен жол мәселелері жиі қозғалады. Сондықтан біз қаладағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді өз жұмысымыздың басым бағыты ретінде алып отырмыз. Мәселен, Абай ауданындағы 34 елді мекеннің 10-ында 2020 жылға дейін ауыз су болмаған. Өткен 2 жылдың ішінде магистралды құбыр мен 9 елді мекеннің ішкі желілері жүргізіліп, тұрғындарға ауыз су берілді. Биыл Құрсай елді мекенінде ішкі орамдық ауыз су құбырлары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталса, Абай ауданында ауыз су мәселесі толығымен шешіледі, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы Абай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында.
Сонымен қатар Абай ауданында Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап елді мекендеріндегі құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші де 100 пайызға жетеді.
Айта кетейік, Абай ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуға бөлінген қаржы 5 жыл бұрынғымен салыстырғанда 18 есе көбейген. Сондай-ақ, 2017 жылға қарағанда республика және қала бюджетінен Абай ауданының аумағын сапалы электр қуатымен қамтуға – 6 есе, газдандыруға – 50 есе, ал абаттандыруға 9,5 есе көп қаржы бөлініп отыр.
Жиында аудан әкімі Б.Парманов өткен жылы Абай ауданында мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 91 пайызға жеткенін мәлімдеді. Ал бұл жылы меже 95 пайыз екен. Мәселен, былтыр интернет сапасы төмен Ынтымақ-2, Құрсай, Солтүстік-Батыс, А-2 жолы, Самал-3 елді мекеніне базалық станция орнатылған. Биыл 30 мың тұрғыны бар Ақниет, Қызылжар, Жаңаталап, Игілік, Агрофирма-Қарасу тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылмақ. Мамандар алдағы уақытта қаладан шалғай орналасқан Самал-3, Қазығұрт, Құрсай, Ақниет, Жайлау, Ынтымақ, Қызылжарға талшықты оптика желісі жүргізілетінін айтады.
Өткен жылдан бері қалада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында орталық және әлеуметтік нысан орналасқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның бірі Абай ауданында былтыр 30 көше жарықтандырылды. Биыл осы жоба аясында 29 көше жарықтандырылса, аудандағы жалпы 140 көшеде түнгі жарықшам болады. Сонымен бірге, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында өткен жылы 519 бейнебақылау камерасы қойылды. Осы жылы тағы қосымша 250 камера орнатылмақ.
Ал Әл-Фараби ауданында 2020-2021 жылдары 3 елді мекенге ауыз су жүйелері тартылған. Мұндағы жалпы 15 елді мекен, яғни тұрғындар толығымен ауыз сумен қамтылған. Биыл Текесу тұрғын алабында су құбырлары жүргізілуде. Осылайша, ауданның 200 мыңнан астам халқы толығымен таза ауыз сумен қамтылады. Бұл туралы шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтің аудан халқымен кездесуі барысында айтылды. Аудан әкімі Р.Мыңбаевтың баяндауынша, биыл Әл-Фараби ауданының тұрғындары ауыз су, табиғи газ, сапалы электр желісімен 100 пайыз қамтылады. 207 мың тұрғын қоныстанған ауданда сапалы электр желісімен қамту көрсеткіші де 100 пайыздық көрсеткішке жетеді. Бұл мақсатта былтыр Сәуле шағын ауданы 276-орамда басталған құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Өткен жылы тұрғындардың табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99,5 пайыз болса, бұл жылы толығымен қамтылады. Қазіргі таңда Ақтас-2 және Сәуле шағын ауданы 276- орамда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 87 пайызға жеткізу үшін Шолохов көшесінде және Хлопзавод көшесінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 2023 жылы Түркістан және Ақжайық шағын аудандарында құрылыс басталып, «Түркістан» (4252 халық, 1052 абонент) «Химфрам» шағын аудандарына кәріз жүйесін тарту үшін ЖСҚ әзірленбек. Аудандағы 404 көшенің 124-і жарықтандырылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өткен жылы 22 көше жарықтандырылған болса, бұл жылы 17 көше жоспарда тұр. Жауын-шашын кезінде көшені су басу қаупін болдырмау үшін бір ғана Әл-Фараби ауданында су жиналатын 26 көше анықталып, оған ирригация жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіпті. Келесі айдан бастап қаланың орталық бөлігіндегі 19 көшенің бойында ирригациялық жүйенің құрылысы басталады. Қалған 7 көше 2023 жылға қалып отыр.
Кездесуде жолдарға қатысты мәселе де айтылмай қалмады. Жауаптылардың айтуынша, бұл жылғы жоспар бойынша 16,9 шақырымды құрайтын 30 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі де, 33 көшеге шағал тас төселеді. 2023-2024 жылдарға 48 көшені асфальттауға ұсыныс берілген.
Жергілікті биліктің тұрғындармен кері байланысын нығайта түскен бастаманың бірі – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Оның аясында азаматтар өз аулаларын абаттандыру бойынша жобаларын ұсынуына болады. Оған интернет арқылы дауыс беріп, ең көп қолдауға ие болған жобалар қаржыландырылады. Айталық өткен жылы бір ғана Әл-Фараби ауданында осы әдіспен 17 нысанның құрылысы жүргізілсе, биыл 59 аулаға спорт және балалардың ойын алаңшалары орнатылып, абаттандырылып жатыр. Бұл мақсатқа 1 миллиард 600 миллион теңге қаралған. Келесі жылы тағы 39 жоба жүзеге асса, Әл-Фараби ауданындағы барлық көпқабатты үйлердің аулалары 100 пайызға толығымен абаттандырылып бітеді.
Жиын соңында тұрғындар өздері қозғалған мәселенің жедел шешіліп жатқанына ризашылығын білдіріп, кезек күтіп тұрған проблемаларын да жеткізді.