Жоба - кәсіпкерден, қолдау - әкімдіктен

Қысқаша

Жоба - кәсіпкерден, қолдау - әкімдіктен

Screenshot_8.jpg

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес, бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар кәсіпкерлермен кездесті. Онда қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту жайы сөз болды. М.Әйтенов әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру, өнім көлемін арттыру, егістік жерлерді ұлғайту, өнім сақтайтын қоймалар санын арттыру мақсатында инвесторларды бірге жұмыс жасауға шақырды. Шымкентте бүгінде 14 ірі қойма жұмыс істейді – 6 климаттық, 8 құрғақ қойма мен базарлар. 

Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуға даяр кәсіпкерлер өз жобаларын ұсынды. Солардың бірі - «KAZAKHSTAN LOGISTICS GROUP» ЖШС. Бозарық шағын ауданында орналасқан қоймада екі кезең бойынша жұмыстар жүргізілуде. 1-кезеңде 40 мың тонна өнімге шақталса, екінші кезең 2025 жылға дейін аяқталса, қуаты екі есеге артады. Алғашқы кезең бойынша үй-жайлардың құрылысы толық аяқталған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін кезек-кезегімен жүктеу басталды. 

Сонымен бірге «Керемет сапа» ЖШС – климаттық қойма салуды қолға алып отыр. 1 мың шаршы метр аумақта 2 мың тонна көкөніс сақтауға болады. Жобаның құны – 500 млн теңге. Биыл құрылыс жұмыстары толық аяқталса 15 адам жұмысқа орналасады. 

Өзге де кәсіпкерлер өз жобаларына жер телімін беруді, кейбірі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді сұрады. Шаһар басшысы әрбір жобаны толық зерделеп, мемлекеттік көмек көрсету үшін жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге, ірі азық-түлік сауда желілері мен әлеуметтік дүкендер санын арттыруды да тапсырды.

Айта өтсек, Шымкентте 6 айда ауыл шаруашылығы саласында 17 млрд теңгенің өнімі өндірілді, салаға тартылған инвестицияның көлемі 1,1 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылы 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде дәнді дақыл- 13 мың га, майлы дақыл-3,6 мың га, мал азықтық- 9,6 мың га, көкөніс пен бақша- 3,4 мың га, картоп – 0,4 мың га, жүгері -0,1 мың га. Нәтижесінде 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Қазіргі таңда 33,5 мың тонна өнім жиналған. 

Осы ретте айта кетейік,  қала әкімінің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында 15 жаңа жоба таныстырылған болатын.  

Жиында кәсіпкер Абжанов өз жобасын таныстырып өтті. Ол  қалада құрғақ құрылыс қоспаларын және лак-бояу материалдарын өндіретін зауыт ашуды көздейді. 500 млн теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 дана өнім болмақ. 2022-2024 жылдары жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады. «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 5 гектар жер телімін беру туралы шешім қабылданды.

Ал  «AINUR GROUP» ЖШС-ы 3D панелді өндіру зауытын салмақ. 500 млн теңгені құрайтын инвестициялық жоба жылына 28 мың дана панель шығаруға мүмкіндігі болады. 2022-2024 жылдары жоба жүзеге асырылса 10 жаңа жұмыс орны құрылады. Нарықта жүрген кәсіпорын өндірісін кеңейту мақсатында қала әкіміне индустриалды аймақтан 1 га жер беруді сұрады. Шаһар басшысы жобаны қолдап, тиісті сала басшысына жер беру туралы тапсырма берді.

Сонымен қатар штаб отырысында қара қорғасын және цемент мыс өндіретін зауыттың жобасы таныстырылды.   8 млрд теңгелік инвестициялық жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асырылмақ. Нысанға арнайы экономикалық аймақтан 5 га аумақ берілетін болды. Жылына 8 мың тонна өнім өндіретін кәсіпорын іске қосылса 350 адам жаңа жұмысқа орналаспақ. Құжаттарын рәсімдеу бойынша тиісті министрлікке өтініш жолданып қойыпты.  

Штаб отырысында мұнан өзге ылғалды майлықтар шығаратын фабрика ашу, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеу, жылыжай кешенін салу, балабақша мен жүзу бассейні бар спорт кешені, мектеп салу секілді жобалар қаралды. 

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы 11 млрд теңгені құрайтын 54 инвестициялық жоба таныстырылды. 

Қала әкімі М.Әйтенов әрбірімен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді.