Индустриалды аймақтар – мегаполистің тірегі

Қысқаша

Индустриалды аймақтар – мегаполистің тірегі

Screenshot_7.jpg

Ел Президенті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Осы мақсатта Шымкент қаласында «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Қала әкімі М.Әйтенов аталмыш аймаққа барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. 

Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың ш.м дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың ш.м қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр. 30 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін 3 кезең бойынша жүргізіледі.

М.Әйтенов тиісті сала басшыларына инженерлік- инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының кешіктірілмеуін назарға алып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды. 

Мегаполис басшысы одан кейін жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» индустриялық аймағына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 200 млрд. теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Қазіргі таңда 100 млрд. теңге тұратын 17 жобаға жер телімдері бөлінді.

Қала әкімі іске асырылатын әрбір жобамен танысып, өзекті мәселелерін талқылады. 

Үшінші мегаполисте тұсауы кесілгелі тұрған тағы бір нысан «Авангард» зауыты. Қала басшысы шыныдан шыны конструкциялар өндіретін кәсіпорынға да ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. 5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 50 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.  Толығымен ішкі нарықты қамтиды. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған. Құрал-жабдықтар орналастырылуда. 

М.Дүйсенбекұлы өткен айда техникалық пайдалануға берілген  «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан Орталық Азияда теңдесі жоқ алюминді банкілер шығаратын зауытты да аралады. 

«KazALPack» ЖШС-ның көлемі 6 гектар. Инвестициялық жобаның құны - 23,4 млрд. теңге. Жылына 500 млн қақпағы бар банкі шығаруға қауқарлы кәсіпорын 157 адамды жұмыспен қамтып отыр. 80 пайыз ішкі нарыққа, 20 пайыз сыртқы нарыққа шығарылады. Өндірілген өнім елге келген импорттың 60 пайызын алмастырады. 

Келесі аялдама Алтынтөбе елдімекенінде орналасқан жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорынның бірі «Алан и Компания» ЖШС болды. 

2018 жылы құрылған кәсіпорын 2020 жылдан бастап қарқынды бау егумен айналысып келеді. Бүгінде мекеме иелігіндегі 45 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен қарқынды бау егілген. Оның 39,5 гектарында алма, 2 гектарында шабдалы, 2 гектарында алмұрт және 1,5 гектарында жүзім өсіріледі.

2021 жылы кәсіпорын жеміс-көкөністі қайта өңдеу зауытының құрылысын толығымен аяқтап, осы жылы зауыттың жұмысы толығымен іске қосылған болатын. Инвестиция көлемі 1 200 млн. теңгені құрайтын жобаның қуаттылығы сағатына 7 тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеп, тосап (джем), шырын сияқты дайын өнімдер шығарылуда. Сонымен бірге 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде.

Ерекше атап өтерлігі, Қазақстанда пектин ұнтағын шығаратын ең алғашқы кәсіпорынның бірі болмақ. Сонымен қатар, «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Кәсіпорын жұмысына қаныққан қала әкімі өнімдердің ішкі және сыртқы нарыққа шығуына аса мән беру қажеттігін айтты. 

Мемлекет Басшысы геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселесіне байланысты нақты тапсырмалар берген-ді. Бұл бағытта қаламыздың ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту арқылы қолға алу көзделген. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде.  Қала әкімі мұны да назардан тыс қалдырмай, құрылыс жұмыстарын тексерді. 

Мұнда қазір 15 шақырымдық суаққының құрылысы жүруде. Жұмыстың 46 пайызы орындалды. Сонымен бірге, электр жүйесін тарту жұмыстары қарқын алған. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады.

Ішкі және сыртқы жолдар үшін конкурс өткізілуде дейді мамандар.